23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні

       23 сәуір – әлем әдебиеті үшін символикалық дата. Дәл осы күні әлемдік әдебиет майталмандары М.Сервантес, У.Шекспир, И.Вега, М.Дрюон сынды танымал авторлар туған немесе өмірден озды. 1995 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы бұл күні кітаптар мен авторларға құрмет білдіру туралы шешім қабылдады. Мереке Халықаралық Кітап баспа Ассоциациасының ынтасымен 1969 жылдан тойланып келеді. 1995 жылдың 16-қарашасында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 28 сессиясында мереке туралы Қарар қабылданып, 23 сәуір - «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні» болып жарияланды. Осы мереке арқылы ЮНЕСКО ұйымы баршаны, әсіресе, жастарды кітап оқудан ләззат алуға, адамзаттың әлеуметтік және мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан адамдардың еңбегін құрметтеуге шақырады.

     Жыл сайын Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай облыстық кітапхана түрлі мәдени шаралар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Биылғы кітап мерекесі 22-сәуір күні «Бұл кітап әлемі» атты Ашық есік күнімен басталды. Кітапхана аванзалында «Әлемді кітаппен таны» атты кітап көрмесі дайындалды. Көрмеге кітапсүйер қауымды қорға келіп түскен жаңа басылымдармен таныстыру мақсатында түрлі саладағы әдебиеттер қойылды.

    Балалар бөлімінде «Біз кітаппен біргеміз» атты жанұялық байқау ұйымдастырылды. «Отбасымызбен кітапханаға» ұранымен өткен бұл байқаудың мақсаты - отбасының кітапқа, кітап оқуға деген сүйіспеншілігін ояту, кітап - жанұяның бос уақытын өткізудегі ең бір ажырамайтын бөлігі екендігін көрсету, баланы кішкентай кезден кітап оқуға баулу. Байқауға қаламыздағы Ибрагимовтар, Құлмағамбетовтар, Абдреевтар отбасы мүшелері қатысып, викториналық сұрақтарға жауап беру, сурет арқылы ертегі кейіпкерлерін анықтау, үзінді оқып, шығарманың аты мен авторын табу, мақал-мәтелдерді жалғастыру, отбасылық өнерін көрсету сынды қызықты сайыстардан өтті.

       Лекция залында ақиық ақын Фариза Оңғарсынованың баспадан жаңа шыққан толық шығармалар жинағының тұсаукесері өткізілді. Ақынның он екі томдық толық шығармалар жинағы – тұтас бір тарихи-әдеби дәуірдің идеялық-көркемдік бейнесін жан-жақты сомдаған рухани құндылық. Тұсаукесерде жинақтың әр томы – көзі қарақты оқырманға ризық болар бір-бір рухани қазына екендігі туралы баса айтылды.

«Кітапханаға қош келдіңіз» айдарымен кітапхана қонақтары үшін барлық бөлімдерге саяхат жасалды. Қала тұрғындары мен оқырмандар үшін кітапхананың күнделікті тыныс-тіршілігімен жақын таныстыруға бағытталған «Кітапхана тынысы» атты слайд-шоу ұсынылды.

      Ал кешке мерекелік шараны көпшілік асыға күтетін «Кітапханадағы түн» акциясы жалғастырды. Түнгі мерекелік бағдарлама «Кітап пен киноның сиқырлы әлемі» тақырыбында өткізілді. Акция биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Оқу мәдениетін арттыру, оқырманға қолдау көрсету, жастар арасында кітап оқуды жандандыру, қоғам мен кітапхана байланысының жаңа формаларын қалыптастыру және кітапхананы жарнамалау мақсатында өткізілген бұл шара биыл «кино» тақырыбына арналды. Шараның салтанатты ашылуында кино кейіпкерлерінің костюмдерін киген жас кітапханашылар белгілі фильмдердің музыкасына қойылған флеш моб биледі. Кітапхананың «түнгі қонақтарына» арналып түрлі қызықты шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, әдебиет пен кино өнерінің байланысы, ішкі үйлесімі, ұқсастықтары мен өзіндік ерекшеліктерімен танысуға арналған «Әдебиет және кино» атты көрме-интервью, «Кино әлемі туралы білесің бе?» - киновикторина, «Менің атым Қожа» фильмі желісі бойынша қойылған сұрақтарға жауап беруге болатын «Камера. Мотор. Оқимыз» атты әдеби композиция, «Кітапханадағы кинозал» - кинокөрсетілім, «Ән салайық, қане, достар» - танымал кинофильмдердегі әндерге караоке, кино өнеріне қызығушылығы бар жастар үшін «Кинокроссворд – кино – көркем шығарма» - сөзжұмбақтар шешу, белгілі фильмдерден көрсетілімдер қоюға арналған «Мен киноға түсемін!» атты кинокастинг,ұлттық ойындардан тұратын «Таңғажайып алаң» - ойын әлеміне саяхат, өзіне ұнаған кинокейіпкерлермен бірге суретке түсіп, селфи жасауға мүмкіндік алатын «Фотосессия» алаңы ұйымдастырылды.

       «Кітапханадағы түн» акциясы кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, оқуға шақырудың жаңа үлгісі ретінде қалыпты қолданылып келеді. Осы түні кітапхана оқырмандарының саны артып, өткізілген шараларға үлкен қызығушылықпен қатысқан оқырмандар қатары көбейе түсті.


 

 

 

 

 

 

 


 

 

23 сәуір 2016 ж. 13:24
0 қарау
Пікір қосу
Аты-жөні: *
E-mail: *
Пікір:
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Кодты енгізіңіз: