DataLife Engine > --- > Ақтан батыр

Ақтан батыр


4-05-2015, 09:02
Автор: akbota
   Ақтан Ақайұлы (шамамен 1770-1854) халық батыры. Руы - Қаракесек. Жанқожа батырдың үзеңгілес  серігі, оның Хиуа, Қоқан бекіністеріне жасаған жорықтарына қатысқан.

   Қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданы Ақтан батыр (Арықбалық) ауылына қарасты Түлкіқашқан  қонысында дүниеге келген.

   ХІХ-шы ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын  қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830-1840 жылдары  жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан  өтіп, Қосқорған, Арал теңіздеріне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылықтар  жасап, малын барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқынға алып кетіп отырды. Қоқандықтар шекара  бекітіп, әкімшілік құрып, 1817 жылдан бастап салына бастаған бекіністерінен әркез жасақтар шығарып,  бейбіт елді шауып, алым-салық жинап тұрды. Осындай зорлық-зомбылықтан жапа шеккен қазақтар,  жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасады.

    Жалпақ жұртқа белгілі жайт - Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Жанқожа қаракесек Ақтан батырмен бірге көне Жанкенттің жанындағы Хиуа бекінісі - Жаңақаланы тас-талқан етеді. П.Ивановтың көрсетуі бойынша, бұл оқиға 1842 жылы болған.

    Жаңақаланы алардағы ұйымдастырушылығы мен жанқиярлық батырлығы үшін халық қаракесек Ақтан Ақайұлын бүгінгі күнге дейін ерекше ілтипатпен атайды. Қазақтың санаулы батырларының бірі деп біледі.

    Сондай-ақ осы жылдың қазан айында Хиуа хандығының сыр бойы қазақтарынан ұшыр, зекет жинауға қойылған найыбы Бабажан сарттың көне Жанкент шаһарының маңындағы бекінісі Бесқаланы аларда ерлік көрсеткен. Ақтан батыр бастаған қазақ сарбаздары қамалды қоршауға алып, Бабажанды қолға түсіріп, Жанқожа батырдың үкімімен жазалаған.

    Ақтан батырдың бейіті Ақтөбе облысының Берсүгір бекетінің батысына қарай 30-35 шақырым қашықтықтағы Тебенсай деген жерде. Бұрынғы Арықбалық елді мекеніне Ақтан батырдың есімі берілген.


Вернуться назад