DataLife Engine > --- > Бабас батыр

Бабас батыр


4-05-2015, 09:19
Автор: akbota

       Бабас бидің есімі қазақ-ресей құжаттарында бірнеше жерде кездеседі. 1794 жылдың 4 қаңтарындағы қазақ билерінің (184 бидің) орыс патшайымы Екатеринаға жазған реніш хаттарындағы қол қойған билердің бірі Бабас еді. Ал кейінгі Бабас тарих көшіне ХІХ ғасырдың басында ілескен.

     Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысты кеңінен зерттеп жазған белгілі тарихшы Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабында: «Кенесары көмек сұрап шөмекей, керей, алтын және әлім руларының қазақтарына сөз салды. Оның бұл үндеуіне жұрт бірден құлақ асты. Олар көмек беруге дайын екендіктерін білдірді. Оның әскеріне шөмекей руынан Тоғанас Бәйтіков, керей руынан Жұбан би, алтын руынан Көшекбай Мәжіғұлов және әлім руынан Жанқожа келіп қосылды», - деп жазады. Осы бір үлкен шайқасқа қатысқан жас ұландар арасында Бабас Сердалыұлы да болыпты. Ол онда қол бастап қолбасшы, мыңды басқарып мыңбасы болған жоқ, қатардағы сарбаз ретінде соғысты. Ержүректігі мен ерлігі ел аузында қалды. Сондықтан да Бабасты «Созақтай» мықты қамалдың алынуына үлес қосқандардың бірі деп есептейміз.

       Тағы бір алыстан үзіліп жеткен үзік-үзік әңгімелерде Кенесары қырғыз асып кеткенде елге кері қайтқандардың бірі Бабас болыпты. Арқа өңіріндегі ен далада аш қасқырға тап болады. Аты да, өзі де шапшаған кезде кездескен бөрілер бірі арттан, екіншісі алдынан шығып, азу тісін ақсита ұмтылады. Бабас қолындағы қара тұмсығының шамасы осы-ау деп сілтеп бір-екеуін жер жастандырады. Өлімтікке ұмтылған қасқырлар бір-бірімен таласа артта қала беріпті.

     Өзі аш Бабас батыр аттың үстінде тұрып өлімтіктің бауырын найзаға іліп алып, әудем жерге барып, сексеуілдің шоғына пісіріп алып жеп, осылайша арып-ашып елге жетіпті деген сөздер көнекөз қариялар құлағында қалған.

     Елге оралған Бабас бір ауылдың биі, батыры ғана емес, аймаққа есімі кеңінен таралып, ол тұратын ауылдан жаулар қашығырақ жүретін болған.


Вернуться назад