Арал теңізі


 

 Арал теңізінің тарихына

        Арал теңізі экологиялық апатқа дейін құрлық ішіндегі ірі су айдыны еді. Тереңдігі 53 метрге дейін баратын теңіз бетінің аумағы 64,5 мың шаршы шақырымға дейін жететін. Ұзындығы 428, ені 235 шақырымға дейін созылып жататын. Суының көлемі 1060 текше шақырым болды.

       Аралдың өзіне тән ерекшеліктері аз емес. Академик Л.С.Берг ХХ ғасыр басында Арал теңізін зерттеп жүріп, оны «Керіағысты теңіз» деп атаған. Оның мәні мынада: Солтүстік жарты шарда барлық денелер жердің айналу бағытының әсерімен оңға қарай қозғалады. Гольфстрим ағысы да солай. Ал, Арал бұл заңға бағынбайды, солға қарай ағады (иіріледі).
     Арал мен Каспий егіз болғанмен, «мінездері» кереғар. Каспийде су көбейсе, Аралда азаяды. Аралда су көбейсе, Каспий шегінеді. Әлімсақтан бері солай болып келеді. Бұл екі теңіз өзара тұтасып жатқан жоқ па деген сауал да алға тартылады.
      Теңіз біткен тұмансыз болмайды. Аралда ол атымен болған емес. Аралдың бұл да бір кереметі. Басқа теңіздерде тереңдеген сайын оттегі азая беретін болса, Арал теңізінде керісінше көбейе береді. Теңіздің су жағдайын зерттеген ғалымдар тағы бір жаңалық ашты. Арал жылына 5 млрд текше метр суды жерастынан алатын көрінеді.
      Бутаков экспедициясының мәліметтерімен 1850 жылы Лондонда басып шығарылған Арал теңізінің алғашқы картасы, сол тұста Санкт-Петербургта дайындалған энциклопедиядан теңіз картасы туралы мәліметтер Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы.
      ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері Сырдария мен Амударияның суы жер суаруға жұмсалып келеді. Сондықтан бұл өзендерден Аралға болмашы су жетіп, жалпы ауданы 4 есе, ал су мөлшері 10 есеге дейін қысқарған. Сондықтан теңіздің тұздылығы бірден артып, қазір бұл су қойма ультрагалинді деңгейге жатқызылған.
        1950 жылдан 1970 жылға дейін Арал теңізіне құятын өзендер бойында он шақты су қоймасы салынды, он мыңдаған километр ирригациялық каналдар жүргізіліп, 1,5 миллион гектар тыңайған жер игерілді. Теңіз үш жеке бассейннен тұрады, әр бассейннің арасы бөгетпен бөлінген. Арал теңізі шамадан тыс тұзды болғанына қарамастан, онда тіршілік ететін жәндіктер бар. Ғалымдардың айтуынша, «теңіз қазіргі уақытта бір қалыпқа келе бастады. Өйткені су айдынының аумағы қысқарған. Тиісінше, булану процесі де бәсеңдеген. Бұған қоса, жер асты суы теңіздің қалпын сақтауға ықпал етеді».
        Арал теңізі бұған дейін екі мың жыл бұрын құрғап, 400-500 жыл бұрын бүгінгі қалпына келген. Сондықтан теңіздің құрғауы тек антропогендік факторлардың емес, сонымен қатар, табиғи климаттық өзгерстерге де байланысты деуге болады.

 


САРАТС жобасы – ғасыр жобасы


 

      Елбасының тікелей тапсырмасымен жүргізілген, «ғасыр жобасы» атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» САРАТС жобасының бірінші кезеңі жүзеге асты.Нәтижесінде теңіздің су деңгейін 38 метрден 42 метрге дейін көтеруге, теңізді аудан орталығына 53 шақырымға жақындатуға, аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға, өңірдегі көлдер жүйесін қайта қалпына келтіруге және жойылып кеткен ондаған балық түрлерінің қайта пайда болуына мүмкіндік берді. Балық аулау деңгейі айтарлықтай ұлғайып, балық шаруашылығы дами бастады. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгінгі таңда, ҚР Үкіметімен бірлесіп «Ғасыр жобасы» атанған САРАТС жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруға қатысты барлық құжат әзірлену үстінде. Дүниежүзілік банктің Орталық Азия елдері бойынша өңірлік директоры Сародж Кумар Джа САРАТС жобасының екінші кезеңін қаржыландыруға дайын екендігін мәлімдеді.
    Әдебиеттер:

 


Арал теңізі //Қазақстан: Ықшам энциклопедиялық сөздік. – Алматы, 2005. – 55 – 56 б.

Арал теңізінің алабындағы өзендер //Омаров Т. Қазақстанның өзендері мен көлдері/ Омаров Т. – Алматы, 1975. – 21 – 25 б.

Арал теңізі: Жалпы сипаттама //Қазақстан: Ұлттық энциклопедия . – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. – т.2. - 415 – 417 б.: суретті

Арал теңізінің қасіреті мен қайта өркендеуі //Көркем суретті Қазақстан тарихы: Ежелгі дәуірден біздің уақытымызға дейін. 4 томдық. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2007. – 4 т. – 87 – 92 б.

Арал теңізі туралы //Сыр өңірі тарихы: Көне заманнан бүгінге дейін / Құраст.: Қ.Маханбетов, А.Айдосов, Ы.Қалиев, Ә.Нұртілесов. – Алматы: Атамұра, 1998. - 221-225 б

***

Аймағанбетов Ж. САРАТС Аралды түлетті / Аймағамбетова Ж. //Ақмешіт ақшамы. – 2014.- 2 шілде (№41/42). – 3 б.

Арал теңізі қалпына келе бастады //Табиғат тынысы. – 2013. – 15 маусым. – 7 б.

Қарабалаев А. Ғасыр жобасының ғаламат жемісі //Сыр бойы. – 2014. – 29 қараша (№177 / 178). – 5 б.

 


 

27 сәуір 2015 ж. 14:31
0 қарау
Пікір қосу
Аты-жөні: *
E-mail: *
Пікір:
Полужирный Наклонный текст Подчёркнутый текст Зачёркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Вставка ссылкиВставка защищённой ссылки Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Код: Қауіпсіздік кодын көрсету үшін осы суретті қосыңыз
Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз
Кодты енгізіңіз: