Сыр елінің мәдениеті мен өнері

    Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры, Н. Бекежанов атындағы – кәсіпқой сахналық мекеме. 1955 жылы Еңбекшіқазақ (Алматы облысы) және Қаратал аудандары (бұрынғы Талдықорған облысы) жергілікті театры негізінде ұйымдастырылған. Театр шымылдығы Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. 1960 жылы театр Қызылорда қаласына көшіріліп, 1970 ж. Н. Бекежанов есімі берілді. 1997 жылдан Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыка драма театры болып өзгертілді. Театрдың ірге көтеріп қалыптасуына актерлер: Б.Балғынбаев, Ш.Мәденов, Х.Саурықов, Ш.Бәкірова, К.Көп¬баева Қ.Көпбаев, С.Рақышев, Т.Айнақұлов Р.Тәшібаева, А.Манасбаева, Ж.Бағысова, Ә.Кәнетов, С.Шотықов, т.б. көп үлес қосты. Тұңғыш режиссері Ж. Әбілтаев (Қазақстанның еңб. сің. арт.) болды. Театрдың бас режиссерлері болып әр жылдары: Мен Дон Ук, Андриасян Р. С., М. Байсеркенұлы, Оразымбетов Е. С. (Қазақстанның еңб. сің. мәдениет қайраткерлері), Әмір-Темір Хүсейін (Қазақстанның еңб. сің. мәдениет қайраткері) және Т. Өтебаев, суретшілері болып Ә. Әбдірахманов, Ж. Әбіров, С. Пірмаханов [(Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (1967)], т.б. қызмет істеген. Театр ұжымы М. Әуезов пен Л. С. Соболевтің «Абай», М. Әуезовтің «Қаракөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Жат елде», Т. Ахтановтың «Махаббат мұңы», «Әке мен бала», С. Жүнісовтің «Тұтқындар», «Қызым саған айтам», О. Бодықовтың «Нартай», Қ. Мұқашевтің «Парторг» пьесаларын, сондай-ақ У.Шекспирдің «Король Лир», Ф. Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметкер», Н. В. Гогольдің «Үйлену», Ш. Айтматовтың «Ана – Жер-Ана», М. Кәрімнің «Айгүл елінде», т.б. спектакльдерді сахнаға шығарды. Театр балалар мен бүлдіршіндер үшін «Екі дос немесе делдал қарға», «Ақылды Ақшақар» ертегілерін және «Қандыөзек»(нашақор жайлы новелла) спектаклін сахналады. «Нартай бүлдіршіндері» атты қуыршақ театры жұмыс істейді. Шығармашылық жетістіктері үшін театр Бүкілодақтық венгр драматургиясы (1978), неміс драматургиясы (1980), КСРО халықтары драматургиясы (1982) фестивальдарының лауреаты болды.

    Қызылорда облыстық мемлекеттік филармониясы– концерттік-сахналық мәдени мекеме. 1972 ж. құрылған. Оның алғашқы директоры Т.Қалауов болды. Филармонияны әр жылдары Д.Дүй¬сенбаев (1976 – 80), К. Асанбаев (1980 – 85), Қ. Мұхамедияров (1985 – 86), Б. Шөкенов (1986 – 89), Ш. Әбдібаев (1989 – 90), М. Әбдікәрімов (1990 – 2001), С. Ибрашев (2001 – 03), М. Ахметов (2003 – 05) басқарды. Оның құрамына «Сыр күмбезі» (жетекш. А. Тұяқбаев), «Ақ толқын» (жетекш. Қ. Сақтағанов), «Бәйшешек» (жетекш. Қ. Байғабылов), «Сыр маржаны» (жетекш. Ү. Ахметова), «Сыр самалы» (жетекш. С. Бердіхожаев) ансамбльдері және «Сыр әзілі» ойын-сауық отауы (жетекш. Б. Есенов) мен «Томирис» бишілер тобы (жетекш. Г. Мырзабаева) кірген. «Томирис» тобы «Шабыт» Халықар. фестивалінің лауреаты болды (2005). Қазіргі уақытта филармонияда Ш. Қалдаяқов атындағы халықар. ән байқауының лауреаттары Қ. Ысқақов, Э. Қанатбаева, Р. Бағланова атындағы аумақтық әншілер байқауының лауреаты Р. Ысқақова, республика «Жас қанат» байқауының дипломанты Г. Әлиханова, т.б. жұмыс істейді.

    Қызылорда облыстық радиосы, 1928 жылдың 14 қарашасында құрылған. Қызылорда облысында 1938 ж. радионүктелердің саны 2 мыңға жуық, 90-жылдары ол көрсеткіш 188 мыңға жетті. 60-жылдардың басында радиохабарын таратуға Ә.Мырзахметов, Н.Оспанов, Ә.Шабақов, Т.Елемесов, А.Тоқмағамбетов, Ж.Шөкенов, Д.Айдаров, т.б. басшылық етті. 1958 – 63 ж. облыс радиохабарларын таратуда 20 – 30 адам жұмыс істеді. Материалдар үш тілде: қазақша – 70%, орысша – 20%, корей тілінде – 10%. Алғашында жетісіне 1 рет 1, 2 сағаттан, кейіннен күнде әуе толқынына шығатын болды. 1964 ж. облысы радио еліміз күрішшілерінің Бүкілодақтық үндесуінің бастамашысы бола тұра, Қызылорданы Шымкентпен, Көкшетаумен, Талдықорғанмен, Қарақалпақстанмен байланыстыратын тұрақты радио көпірге айналды. 1967 ж. Одақ көлемінде алғаш өткізілген радиоқызметкерлердің бірінші аймақтық кеңесінде Қызылорда радио журналистерінің жұмыс тәжірибесі кеңінен талқыланып, республика көлемінде таратылды. Сонымен қатар магнитті пленкаларды электронды монтаждау әдісі елімізде алғаш рет Қызылорда радиосында қолданылды. 2004 жылғы желтоқсан айынан бастап әуе толқынына шығуды тоқтатты.

    Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі– ғылыми-мәдени мекеме. 1939 ж. негізі қаланған. Алғашқы экспозициясы 1890 – 96 ж. салынған шіркеу үйінде болды. 1980 ж. жеке ғимаратқа көшірілді. Мұражай 14 залдан тұрады. 2000 – 02 ж. мұражайда «Өлке кеңес үкіметі кезінде», «Сыр бойындағы астана», «Қызылорда облысы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында», «Тәуелсіз Қазақстан», «Этнография», «Мәдениет және өнер» залдары ашылды. Облыс географиясына, археологиясына арналған залдар да өлке тарихынан, өнеркәсібі мен ежелгі мәдениетінен мол мағлұмат береді. Мұражай қорында 42920 жәдігер бар, оның 5 мыңнан астамы көрмеге қойылған. Ондағы ең құнды жәдігерлер: батыр киетін дулыға, сауыт (1853), зеңбірек ұңғылары, ақша коллекциясы (Ұлы Жібек жолы сауда айналымындағы).

    Орта ғасырларда ғұмыр кешкен ғұламалармен тұтас Сыр өңірінің рухани өміріне өзгеріс әкелген, мәдениеті мен өнерінің дамуына ұшан-теңіз ықпал жасаған ойшылдар еңбегін де атау орынды. Сыр бойын мекен етіп, өздерінің өлмес шығармаларын тудырған Иакуб әл-Женди, Шайқы баба Сығанақи, Мұхамед әл-Женди, Хисамеддин әл-Сығанақи, Сирадж Баршынкенти, Гийас ад-Дин әл-Женди, Хусам ад-Дин әл-Баршынғали, Молла Ахмет әл-Женди мұралары да өлкенің рухани мұра-мирасы.

    Осы кезеңде Сыр бойында Сауран, Өзгент, Сығанақ, Ордакент, Бестам, Оқшы ата, Баршынкент, Жент; Жанкент, т.б. қалалар бой көтеріп, үлкен мәдени ошақ болғаны тарихтан мәлім. Сол шаһарларда нәзира дәстүрмен шығыс әдебиеті жаңғырып отырған.

    Сыр бойының жыраулық өнері өзге аймақтардан өзінің мақам сазымен ерекшеленіп тұрады. Олар өлең-сөзді өнердің пірі тұтып, басқа қонған бақ, абырой санап, жақсы жыр тудыруды басты мақсат тұтқан. Жыр додасында суырылып алға шыққандарды халық-дүр ақын, Сыр сүлейлері деп атаған.

 

1. "Сыр елінің мәдени мұралары" Бірінші жинақ/құраст: Ж.А.Жонтаева, Ш.Әбдібаев-Қызылорда, 2005ж-152б

2. "Сазгер-күйші Шал мырза" Қызылорда, "Тұмар" 2004,-60 бет

3. Әбдібаев Ш. "Сыр бойы ақындарының айтысы" Жыр жинақ. Қызылорда: Полиграфия, 2009ж-174 бет

4. Әбдібаев Ш. Қызылорда- театр өнерінің қара шаңырағы. Қызылорда:Полиграфия, 1999ж-185б.

5. Талайлы Досымова Сыр сазы. Алматы, 2006-130б.

6. Бексұлтан  Байкенжеевтің шығармашылығы туралы және оның әндері. Ақгүлім. Қызылорда, 1992ж-42б.

Кітап оқу: Сыр елінің мәдениеті мен өнері
27 сәуір 2015 ж. 14:25
0 қарау
Пікір
1
Маншук 5 наурыз 2016 23:07
керемет!!!

жақсы жазылған мақала!
Цитировать         

комментариев публикаций
Пікір қосу
Аты-жөні: *
E-mail: *
Пікір:
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Кодты енгізіңіз: