«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты поэзия кеші өтті.14 сәуір күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында 2017 жылы таңдалып алынған қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы, аса көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығына арналған «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты поэзия кеші өтті. «Бір ел – бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Ерекшеліктердің бірі бір мезгілде бүкіл ел болып бір кітапты оқып-талқылау болып табылады. Акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін көпшілікке танымал ету, қоғамның кітап оқуға және Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге деген қызығушылығын арттырып, өскелең ұрпақтың рухани дамуына ықпал ету. Ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау. Поэзия кеші сахналық көрініспен басталады. Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам! Қараңғылықтың көгіне Күн болмағанда кім болам? Сахарада өмір кешіп, үш түрлі жолда жүрген қазақ балаларының тағдыры көрсетілді. Ақын өмірдің бұралаң жолдарын көзбен көріп, көкірегіне түйіп, жырлап кеткен. Талмай ізденіп, қиындықпен алысып, шындық жолын табуға талпынған, өз тағдырын өзі жасаған, өмірі мен тағдыры өлеңінде өрілген ақын. Кеш барысында кітапхана оқырмандары С.Торайғыровтың шығармаларынан өлеңдер оқыды. Ақынның көзін көрген замандасы Әлкей Марғұланның 1940 жылғы, туысы Шәйбай Аймановтың 1960 жылы айтылған естелігін және заманауи жазушы Роллан Сейсенбаевтың пікірін қатысушылар көрініс арқылы тыңдады және ақын ғұмырының бір үзік сырын баяндайтын сахналық қойылымды тамашалады. Көк аспанды осып өткен жасын отындай қысқа ғана тіршілігінде ұлан – ғайыр жыр жазып, артына мол мұра қалдырған ардақты ақын туралы ой-толғаныстар кеңінен талқыланды. Шараға қатысушылар «Адасқан өмір» поэмасын тыңдай отырып, жыр жолдарынан ақынның өз өміріне шолу жасағанын аңғарып, ерекше толғаныста болды. 2007 жылдан 2017 жыл аралығында «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша жыл кітабы атанған шығармалардың шеруі көрсетіліп, кітап көрмесіне шолу жасалынды. Кеш соңында мерекелік шағын концерт ұйымдастырылды. Қатысушылар: Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры Қ.Құдайбергенов, «Әлімсақ» журналының редакторы Н.Көбегенұлы, ақын Р. Наурызбаева, БАҚ өкілдері, оқу орындарының студенттері.
|