Әлемге әйгілі Ұлы Мұхтар. Әдеби кеш2017 жылдың 17 мамыр күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына орай «Әлемге әйгілі Ұлы Мұхтар»атты әдеби кеш ұйымдастырды. Жазушыға талай ақындар жүрек жарды сүйікті жырларын арнаған. Қатысушы студенттер Қасым Аманжоловтың «Мұхтар аға!», Сырбай Мәуленовтің «Мұқаңа»,Расул Ғамзатовтың «Мұхтар аға», Әбдіраштың Жарасқанының «Тарих заңы», Мұхтар Шахановтың «Менің есімімді неге Мұхтар қойған?» тақырыбында арнаулар оқыды. Көрермендерге Әуезовтің шығармашылығын насихаттайтын слайд таныстырылды. «Көксерек» кинофильмінен үзінді көрсетіліп, М.Әуезовтің жанды даусы тыңдалып, тыңдаушылар ерекше әсерге бөленді. «Естеліктер сыр шертеді» тақырыбында М.Әуезовтің мұражай үйі тамашаланды. Шара барысында «М.Әуезов - Ұлылық үлгісі», «М.Әуезов - Ұлт мақтанышы», «М.Әуезов– әлем әдебиеті мойындаған тұлға» атты бір үзік сыр оқылып, М.Әуезовтің шығармашылығы жайлы пікірлер тыңдалды. Абылай хан колледжі кітапханасының меңгерушісі А.Қоспанова қаршадайынан қазақтың бай ауыз әдебиетiнiң iнжу-маржандарынан сусындап, әрiсi Асан қайғы, Ақтамбердi, Бұхар жырау, Дулат, Махамбет жырларынан тәлiм алған, бесiгiнде жатып, ұлы Абай өлеңдерiмен көкiрегiн тербеген бала Мұхтардың өсе келе Шығыс пен батыс мектептерiн бойына қатар сiңiрген дана Мұхтарға айналуы заңды құбылыс екендігін, оның «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу», «Қилы заман», «Көксерек» сияқты алғашқы шығармаларының өзі қазақ сөз өнері мен көркем ойлау жүйесін жаңа сапалық биікке көтергенін қалың оқырманға насихаттады. «Заманымыздың заңғар жазушысы» атты кітап көрмесі жасалып, көрмеге шолу жасалынды.
|