«Ұлағатты отбасы – ұлт құндылығы» (кітап көрмесі)8 қыркүйек күні Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасының «Отбасы күніне» орай «Ұлағатты отбасы – ұлт құндылығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты: өскелең ұрпақты өз отбасына деген сүйіспеншілігін арттыру, бауырмалдық, мейрімділік сезімін ояту, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор жасау, сыпайы, ілтипатты болуға тәрбиелеу. Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі – бала. Баланың жан-жақты тәрбиелі болып өсуіне отбасының ықпалы мол екендігін ашып көрсетер әдебиеттер қамтылды. Соның ішінде қазақ отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелеріне тоқталған педагог-ғалымдар С. Қалиев, М. Смайылова, М. Оразаев, С. Ұзақбаева, К. Қожахметова, Ж. Қоянбаевтардың еңбектері қойылды. Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Көрмеге қыз балаларды ойландыратын түрлі мәселелер жайында ашық әңгіме қозғайтын З.Мейірханованың «Қыздың жолы жіңішке» еңбегі, қазақ отбасының өткені мен бүгіні, халқымыздың бай салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары терең қамтылған Х.Арғынбаевтың «Қазақтың отбасылық дәстүрлері» еңбегі, С.Қалиевтың «Тәрбие хрестоматиясы» еңбегі оқушыларды бүгінгі күн талабына сай тәрбиелеуге бағыт-бағдар береді. С.Ғаббасовтың «Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі» еңбегінде адам тәрбиесі мен қоғам тәрбиесіне түбегейлі тоқталып өтеді. Сонымен бірге С.Ұзақбаеваның «Тамыры терең тәрбие», Ж.Байжанованың «Ұлыма ұлағат», Ж.Байжанованың «Қызым саған айтам», С.Б.Дорженовтың «Инабаттылық иірімдері» еңбектері мен «Жарасымды жанұя», «Отбасым» журналдары көрме оқырмандарына ұсынылды. Көрмеге қатысқан оқырмандар, ұсынылған әдебиеттерге өз қызығушылықтарын таныта отырып, отбасының аса маңызды құндылық екені жайлы, өздеріне қажетті мағлұмат алды.
|