Текей Қарпықұлының 350 жылдығына арналған «Әз Тәукенің бас сарбазы – Текей батыр» атты тарихи - танымдық кешӘ.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 2017 жылдың 17 қазан күні Текей Қарпықұлының 350 жылдығына арналған «Әз Тәукенің бас сарбазы – Текей батыр» атты тарихи-танымдық кеш ұйымдастырылды. Мың өліп, мың тірілген халқымыздың тарихи жады ел Тәуелсіздігі жолындағы күресте ерекше ерліктерімен дараланған хандар мен батырларды ешқашан санамыздан өшірген емес. Ұлтымыздың мемлекет болып қалыптасуы жолында ел тізгінін ұстаған хандар мен ел қорғаған батырлардың есімдері бүгінгі ұрпақ алдында ұлықталып, насихатталуда. Батыр бабамыз Текей Қарпықұлы - қазақ ұлтының мемлекеттігін нығайтуда өлшеусіз үлес қосып, ел билеу ісіндегі өзінің даналығының арқасында «Әз Тәуке» деген атқа ие болып, Тәуке ханның бас батыры болған. Әз Тәуке ханның тұсында бес жорық жасалса, соның екіншісі 1711 жылы болды. Оған Текей батыр бас қолбасшы болады. Текей батырдың Тәуке ханның тұсында қолбасшы болғанын және қазақтың ұлан-ғайыр жерінде болған шайқастардың көпшілігіне қатысып, ел мен жер үшін тер төккенін, ұлттық батырымыз деп дәріптеп, есімін ұлықтауға әбден лайықты тұлға екендігі кеш барысында сөз етілді. Шараға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Аңсатова Меруерт Нағыметқызы,«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Ахметбек Бақытжан Мұқарамұлы және студенттер қатысты. «Тәуелсіздік тұмары – Текей батыр!» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалынды.
|