Әбділда Тәжібаев

   Қызылорда қаласында Қазақстанның халық жазушысы, мемлекетттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын-драматург, әдебиет зерттеушісі Әбділда Тәжібаевтың ескерткіш-бюсті 2015 жылы 18 маусымда ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен ақынның ұрпақтары  қатысты.

   1909 жылы Қызылорда қаласында туған ақын балалық шағын Қараөзек жерінде өткізді. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарының аяғынан бастап туған әдебиетімізді көркейтуге белсене араласты. 1998 жылы өмірден өткен ғалым-қаламгер өзінің ұзақ жылдарға созылған шығармашылық ғұмырында артында мол мұра қалдырып кетті. Айтулы ақынға қазақтың қай жерінде ескерткіш қойса да жарасады. Ал бұл бюсттің орны бөлек. Өйткені, өзінің туған жерінде, өзінің есімімен аталатын үлкен рухани шаңырақ – облыстық әмбебап кітапхананың алдына қойылды.

   Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ақынды ұлықтауға арналған шарада құттықтау сөз сөйлеп, Әбділда Тәжібаевтың өнері өскелең ұрпаққа өнеге болу керек екендігін тілге тиек етті. «Сыр топырағынан шыққан жарық жұлдыздарымызды ұлықтап, оларға лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік парызымыз. Бұл ескерткіштің Қызылорданың көркіне көрік қосып, жастарымыздың бойына патриоттық сезім беретін рухани орынға айналатынына сенеміз. Әбділда Тәжібаевтың жалынды жырлары жыл өткен сайын одан әрі асқақтап жастарды өрлікке, биіктікке шақырып, теңіз тереңіндегі маржандай жарқырай беретіні сөзсіз», – деді облыс әкімі. Ақынның қызы Зифа Тәжібаева әкесі жайлы естелік айтып, жерлестеріне көрсетіп жатқан құрметтері үшін алғысын жеткізді. Шара соңы қонақтардың «Жұлдыз шашқан жырлар» атты Тәжібаев оқуларымен, «Ұлттық поэзия бәйтерегі» деген кітап көрмесімен және ақын музейімен танысуларымен аяқталды.