Жалаңтөс Баһадүр

     Жалаңтөс Сейітқұлұлы (1576-1656) Қызылорда облысы, Қазалы аумағында дүниеге келген. Қазақ  батыры, әскербасы, Самарқан әмірі, ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің атасы болып келеді.

    1581 жылғы аштықтан аман қалу қамымен Шығай хан мен Жалаңтөс батырдың әкесі Айтқұл туыстарымен бірге Бұхараға жақын Бұраты тауына қоныс аударды. Жалаңтөс батыр 12 жасынан Тамды және Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет ете бастады. Жас кезінен-ақ зерделілігі және төзімділігімен көзге түсті. Оның аты халық арасына кеңінен танылды. Оған сол дәуірдің жоғары дәрежесі – «Аталық» атағы берілді.

     1640 жылы Жалаңтөс батыр қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы  қол бастап, оны жеңіліске ұшыратты. 1643 жылы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоңғар  қалмақтарымен соғысып жатқан Жәңгір ханға 20 мың әскерді көмек ретінде жіберді, мұның өзі    басқыншыларды талқандауға зор үлес қосты.

 1649 жылы Жалаңтөс батыр қазақ қолын басқарып, Бұхар ханы Абдул Азиз бен Иран патшалығының  Хорасан, Балх үшін жүргізген соғысында жеңіске жетті.

     Жалаңтөс батыр Ташкент пен Түркістанға үш жорық жасап, Қабыл мен Мешхедті бағындырды. Әскери  өнерді жетік білетін, керемет батырлығымен даңқы жайылған дарабоз қолбасшыға қырғыз, қалмақ, қазақ хандары, Үндістаннан, Хорезмнен және Тибеттен қымбат сыйлықтар ағыл-тегіл келіп жатты. Бұл байлықтарды Жалаңтөс батыр әскерді қамтамасыз етуге ғана емес, оларға арнап Самарқанда үлкен құрылыстар, зәулім сарайлар мен медреселер салуға жұмсады.

Жалаңтөс батыр Самарқанның орталығы Регистанда 1619-1633/36 жылдары «Ширдор» (Арыстан медресесі) медресесі мен 1647-1660 жылдары «Тилла-Кори» (Алтынмен апталған) медресесін салдырды, кейінірек олар бүкіл елге әйгілі болды. Бұл архитектуралық ғимараттар өзінің әсемділігімен дүйім жұртты таңдандырып, Шығыстың сәулетшілік өнерінде ерекше орын алады.

    Жалаңтөс батырдың сүйегі Самарқаннан 12 шақырым жерде орналасқан Дагбит қыстауындағы зиратқа қойылған. Жалаңтөс батырдың ұрпақтары бұл күнде Қызылорда облысының Қазалы ауданында ғұмыр кешуде.

04 мамыр 2015 ж. 09:56
0 қарау
Пікір қосу
Аты-жөні: *
E-mail: *
Пікір:
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Кодты енгізіңіз: