Жылқаман батыр

  

       Жылқаман батыр 1712-1796 жылдары өмір сүрген тарихи­ тұлға, қазақтың майталман қолбасшыларының бірі. Оның бір ерекшелігі, өз заманындағы батырлардың арасында алғаш мылтық ұстаған және өте мерген, шапшаң адам бол­ған. Кіші жүздің алты Әлімнің ішінде Шекті руының Жақайым аталығының батыры Жылқаман Отыншыұлы 1712 жылы Қызыл­орда облысы Арал ауданы Бөген елді мекенінде дүниеге келген. 1796 жылы 84 жасында дүниеден озып, Қарақалпақ жерінде Нұрата өңірінде жерленген.

       Жылқаман батыр жоңғар-қалмаққа, Сыр бойын мекендеген Кіші жүз қазақтарына Қоқан, Хиуа хандықтарының шапқыншылықтарында қайтпас батырлығымен, көзсіз мергендігімен, жауды жайпап, теңдессіз ерлік көрсеткен. Жыл­қаман батыр елінің азаттығы үшін жоңғар шапқыншылығына­ және Ресей­дің отарлау саясатына қарсы шыққан сол уақыттағы Батыр сұлтан, Сырым Дат­ұлы, Құлбатыр, Сартай, Жанқожа, Толыбай, Есет, Көтібар батырлармен тізе қосып, біріне аға, біріне іні болып, талай шайқас­тарды басын­ан өткіз­ген.

       Қазақ пен жоңғар соғысы кезінде Сартаймен бірге Жылқаман, Жылқайдар батырлар 13-17 жас аралығындағы «Мың бала» жасағын құрып, жоңғарларға қарсы соғысқа аттанады. Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың қолына келіп қосылады. Жас балалар басқыншыларға қарсы жан аямай күрескен қазақ сарбаздарына үлкен көмек көрсетеді.

       Осы мың баланың жоңғарларға қарсы соғыста жасаған ғажап ерлігі туралы ақын Нұрмағамбет Қосжанұлының «Сартай батыр» деген дастаны бар. Мың баланың ішінде ең жасы кішісі, ақшұбар мылтығы бар 13 жастағы Жылқаман бола­тын.

        Зейнолла Шүкіров «Сыр бойы» романында Жылқаман ерлігінің бір парасын келтіріп өтеді. Онда 65 жыл бойы халқының қамы үшін Ақшұбарын асынып, аттан түспеген алты Әлімнің ардақтысы батыр бабаның соңғы жорығы жайында айтылады. Жылқайдар батырдың кегін қайтаруға барған жорық кезінде жас Жанқожа жекпе-жекте жеңіп көзге түседі. Батыр оған «біздің бастан тайған бақты, саған берсін, тәңірім» деп батасын берген екен.

       1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетінің ғылыми экспедициясы Арал теңізінің шығыс жағалауындағы теңіздің түбінде қалған корымның орнынан Самарқанның көк тасынан қашалған құлыптас тапты. Араб һәріпімен жазылған белгі құлыптастың Жылқаман батырдікі  екендігін анықтады. Онда батырдың туған, өлген жылдары 1712-1790 деп көрсетілген. Құлыптас Қызылордаға әкетілді.

      Жылқаманның ержүрек батырлығы жөнінде көптеген аңыз әңгімелер ел арасында айтылып келеді. Жылқаман батыр жауға кездескенге дейін атының тартуы тартпасыз, ауыздығы салусыз, мылтығы оқтаусыз, ешқандай дайындықсыз келед­і екен. Бірақ жау көрінген кезде, барлығы дайын болып, жауға қырғидай тиеді екен. Қартайған шағында келген ағайын­дары одан: «Бұл дүниеде­ қандай арманыңыз бар?» – деп сұрапты. Сонда қарт батыр: «Мылтықтың түтінін түтініне қостым, бірақ оғына оқ қоса алмад­ым», – деген екен.



04 мамыр 2015 ж. 10:18
0 қарау
Пікір қосу
Аты-жөні: *
E-mail: *
Пікір:
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Кодты енгізіңіз: