МҰҚАНОВ СӘБИТ МҰҚАНҰЛЫ

   Сәбит Мұқанов 1900 жылғы 22 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, қазіргі Сәбит Мұқанов атындағы кеңшарда дүниеге келген. Ауыл молдасынын оқып, хат таныған. Жасынан ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренген. 14-15 жасынан өлең-жырды ауызша да, жазып та шығара бастады. 1918-1919 ж. Омбыдағы оқытушылар курсында оқыды. Бітіргеннен кейін, біраз уақыт мұғалім болды. 1919-1922 жылдары әр түрлі қызметтер атқарды: ел арасында астық жинау жұмысын жүргізді, Ақмола губерниясы ГПУ-дің Көкшетау облысындағы оперативтік уәкілі және партияның Ақмола губерниялық комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарды. 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа түсіп, оны 1926 жылы бітірді. 1926-1928 жылдары баспасөз орындарында қызмет атқарды : "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінің бөлімін басқарды, Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы болды. 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетінде оқыды. Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөлімінде оқыды. 1935 ж. "Кеңес ауылы", "Қазақ әдебиеті" газеттерінің редакторы қызметін атқарды. 1936-37 ж. Қазақстан Жазушылар одағын басқарды, 1937-41 ж. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында профессор, 1943-51 ж. тағы да Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болған.

   С.Мұқановтың алғашқы өлеңдері мен поэмалары, мақалалары мен әңгімелері 1917 жылдан жариялана бастады. Ол 1924 ж. өлеңдер мен мақалалардан және аударма шығармалардан тұратын "Совет өкіметі һәм қазақ әйелі" атты тұңғыш кітапшасын шығарды. 1926-1927 ж. үш жинағы шықты: "Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы", "Октябрь өткелдері" поэмалары, "Ақбөпенің сыры" повесі жарық көрді. 1928 ж. "Сұлушаш" дастаны, 1931 ж. "Адасқандар" романы, т.б. туындылары жарияланды.

1938 ж. "Жұмбақ жалау" романын жазды. Ол 200-ден астам әдеби сын мақалалар жазды. Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеді, қазақтың батырлық және ғашықтық жырларын, айтыстарын зерттеді.

   Қазақ КСР Халық жазушысы.1956-1966 жж.Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болды. КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Бүкілодақтық бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі болды.

  Абай атындағы республикалық Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Екі рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет белгісі" ордендерімен, медальдармен марапатталған. 2000 жылы туғанына 100 жыл толу мерекесі ЮНЕСКО дәрежесінде тойланды. 1970 жылы 27 мамырда оған "Қызылорда қаласының құрметті азаматы" атағы берілді.

08 мамыр 2015 ж. 17:19
0 қарау
Пікір қосу
Аты-жөні: *
E-mail: *
Пікір:
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Кодты енгізіңіз: