«Елдіктің асыл тірегі – Ата Заң» атты виртуалды кітап көрмесі

   Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына – 25 жыл.

  1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституция – Қазақстанның демократиялық, зайырлы – құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуының, дамуының айшықты символына айналды. 30 тамыз - Қазақстан халқы тарихи таңдау жасаған ұлы бетбұрыс күні. Конституция - біздің барша табыстарымыздың бастауы. Барлық қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарының, тең құқылы жағдайда өсіп-өркендеуінің кепіліне айналған қастерлі құжат, ол сондай-ақ мемлекеттегі тұрақтылық пен татулықтың тұғыры.

Осы мерекеге орай, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Елдіктің асыл тірегі – Ата Заң» атты виртуалды кітап көрмесін ұйымдастырды.

   Көрмеге «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген «Қазақтың ата заңдары», Әз Тәукенің «Жеті жарғы» заңдар жинағы, «Қазақ елінің дәстүрлі құқығы», сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабы, белгілі заңгерлер мен құқықтанушылар Ғайрат Сапарғалиевтің «Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығы», Өмірәлі Қопабаевтың «Ата заң – мемлекет дамуының іргетасы» деп аталатын кітаптары мен фотоальбомдар қойылды.

Бұған қоса көрмеде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі бағыттарына қатысты жарық көрген еңбектер бар. Мемлекетіміздің атқарушы, сот және заң шығарушы билік тармақтарына қатысты әдебиеттер, сонымен қатар, адам құқықтары, сыртқы саясаттың негізгі бағыттары, Қазақстанның ішкі саяси тұрақтылығы, этносаралық татулық жайлы әдебиеттер де орналастырылған.

    Конституция күні – мемлекеттік айтулы мереке. Баршаңызды осы мерекемен құттықтай отырып, елімізге береке-бірлік тілейміз!


 

24 тамыз 2020 ж. 12:06
0 қарау
Пікір қосу
Аты-жөні: *
E-mail: *
Пікір:
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Кодты енгізіңіз: