Бүгін Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада басқарма басшысы Мира Қазбекованың төрағалығымен кітапхана саласында атқарылған жұмыстардың қорытынды есебі жасалды. Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана директоры Мыңжас Нұрлыбек Кәрібозұлы жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың есебін бере отырып, алдағы уақытқа қойылып отырған мәселелер мен міндеттерге тоқталды. Ұлы Жеңістің 85 жылдығы мен Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына арналған шаралардың басталып кеткені, кітапхана саласында республикалық, облыстық жобалардың қолға алынғаны жайлы айтты. Басқосуда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана директоры Арысбаев Бауыржан Мыңжасарұлы да өз саласындағы атқарылған келелі жұмыстар мен келер жылға қойылып отырған міндеттер туралы есеп берді.
Басқарма басшысы сала қызметкерлері жылды табысты қорытындылағанын айта отырып, бірқатар кітапханашыларға басқарма атынан мерекелік құттықтаулар мен Алғыс хаттар табыстады.
Қорытынды жиналыс соңында басқарма басшысы Мира Жомартқызы елімізде өтіп жатқан «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясын қолдау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан Жаңақорған ауданы Сүттіқұдық ауылдық кітапханасына және Жалағаш ауданы Мәдениет ауылдық кітапханасына кітаптар тарту етті. Есеп беру жиналысына облыс, аудан, ауыл кітапханашылары қатысты.