Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 25 сәуір күні Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекованың туғанына 90 жыл толуына орай «Өнегелі өмір иесі» атты еске алу кеші ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты - Батыр ананың өмір жолын жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету, адал еңбектің қадір-қасиетін дәріптеу, еңбек арқылы құрметке бөленген өнегелі өмір иесін ұлықтау.
Шараға Қоғам қайраткері - С. Аңсат, Қызылорда облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы – С.Дүйсенбаев, Қоғам қайраткері Ә.Қожбанов, Сәлима апаның ұрпақтары- Қазақстан оқу ағарту ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Б.Дәулет, «Қазақ аналары-дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы және Алматы облысы филиал басшысы Л.Дәулет, Әл–Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ф.Дәулет, Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғ.Дәулет, күйеу баласы жазушы, Қоғам қайраткері, «Экология» халықаралық академиясының академигі- Б.Сапаралы қатысты.
Кеш қонақтары парасатты әйелдің бар қасиетін бойына жинаған, елінің мерейін тасытқан Ғасыр ана туралы естеліктерімен бөлісіп, аптап ыстық пен аңызақ желдің өтінде жүріп, дала төсінде күріш егіп, мол өнім жинаған еңбеккер Сәлима анамыздың бейнесін біздің қоғамға саф алтындай жарқырата көрсетудің маңызы зор екендігін атап өтті. Сәлима апаның ұрпақтары жүрегінің жылуын, қамқорлығын, адал еңбегінің нәтижесін арнаған асыл аналарын сағынышпен еске алды. Оқырмандар назарына «Ғасырдың батыр анасы» атты кітап көрмесі ұсынылды.
![]()
![]()
![]()