DataLife Engine > Жаңалықтар > «ЭКСПО-2017» - Тәуелсіздік жемісі

«ЭКСПО-2017» - Тәуелсіздік жемісі


18-01-2017, 15:16
Автор: akbota

    18 қаңтар күні, сағат 10-00-де облыстық кітапхананың аванзалында «ЭКСПО-2017» көрмесінің салтанатты ашылуы болып өтті. Шара 10 маусым -10 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткізілетін Халықаралық көрме аясында ұйымдастырылды.

    Зал төрінде халықаралық көрмелердің тарихы, тақырыптары мен жетістіктері жайында толық мәлімет беретін «ЭКСПО-2017 – Тәуелсіздік жемісі» атты кітап көрмесі қойылған. Кітап көрмесі 5 бөлімнен тұрады. «Әлемдік жетістіктер көрмесі» деп аталатын алғашқы бөлімде халықаралық көрменің шығу тарихы, бастапқы көрмелер өткен қалалар мен олардың тақырыптары жайында барлық мәліметтер мен құжаттар, суреттер бар.

      «ЭКСПО-2017 егемен елдің жемісі» атты келесі бөлімде осы көрме аясында елімізде жүріп жатқан қызу дайындықтар, бастамалар, құрылыс алаңдары жайында әдебиеттер қойылған.

         «Тәуелсіздік-тұмарым, Мәңгілік ел-тұрағым» деп аталатын үшінші бөлім еліміздің тәуелсіздігіне арналған. Тәуелсіздік айшықтары, Елбасымыз Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясаты, Елордамыз-Астананың көз тартарлық қазіргі келбеті туралы әдебиеттер мен қанатты сөздер қойылған.

       «Адамзат ертеңі: жасыл энергия» және «Жасыл экономика: Қазақстанның жеңісі мен жемісі» деп аталатын соңғы бөлімдер жалпы «ЭКСПО-2017» тақырыбына арналған. Әлемдік қауымдастыққа Қазақстан «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі. Осы тақырып аясында жарияланған мақалалар, қызықты ұсыныстар суреттерімен қоса берілген. Сонымен қатар өңіріміздің басты мақтан ететін нысандары Қорқыт кесенесі мен Байқоңыр ғарыш айлағы жайында көп мәліметтер бар. Шетелдіктер тарапынан үлкен қызығушылық танытатын облысымыздағы бұл орындар халықаралық көрме өтетін уақытта қонақтар қабылдауға әзірлік үстінде. ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрме туралы бар құжаттар, суреттер, мақалалар, естеліктер көрмеден хронологиялық тәртіппен орын алған.

      Экран арқылы шара қатысушыларына халықаралық көрмеге облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мамандары «Жасыл экономика» тақырыбында арнайы дайындаған жобаларының презентациясы көрсетілді.

     Шара қатысушыларының назарына Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары күн және жел энергетика қондырғыларының модельдерін, күн сәулесі энергиясын пайдалану арқылы түрлі бетондарды жылумен өңдеу технологиясына байланысты қондырғыларын ұсынды.

      Залдың оң жақ қанатында «Менің ЭКСПО-2017-ге қосатын үлесім» тақырыбында жас шеберлердің қолдан жасаған бұйымдары қойылған. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерін көрсететін түрлі тақырыптағы зергерлік бұйымдарды жас өнертапқыштар темірден, қағаздан, киізден, жіптен жасаған.

    Көрменің ашылу салтанатына зиялы қауым, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

     Шара соңынан қатысушыларға «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрме мен тарихы туралы мәліметтер жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.

 

 

 

 

 

 

 

 


 


Вернуться назад