DataLife Engine > Жаңалықтар > Әуелеп ұшқан ән-өмір

Әуелеп ұшқан ән-өмір


18-10-2019, 17:32
Автор: akbota

    18 қазан күні Республикаға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері композитор Бексұлтан Байкенжеевтің туғанына 70 жыл толуына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Әуелеп ұшқан ән-өмір» атты кеш ұйымдастырды.

  Кештің мақсаты - жастарды Сыр өңірінің тума таланты, өнер саңлағы Бексұлтан Байкенжеевтің өмір жолымен және әндерімен таныстыру, олардың Отанға, тілге және өнерге деген құрметін арттыру.

   Бексұлтан Байкенжеев 1949 жылы 7 қарашада Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Қосүйеңкі ауылында дүниеге келген. 1966 жылы аудандағы 51 орта мектепті бітіргеннен кейін аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болды. 1968 жылы Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетіне түсіп, оны 1972 жылы бітіріп шықты. Сол жылдан бастап  өмірінің соңғы күндеріне дейін аудан орталығындағы  Әлшекей атындағы өнер мектебінің директоры болып кызмет істеді.

  Студент кезінен бастап ән жазған сазгер барлығы 150-ге тарта ән жазған. Оның 80-нен астамы осы күнге дейін асқақ сезіммен орындалып келеді.

  Кешке композитордың ұлы, Жаңақорған ауданындағы Байкенжеев атындағы өнер мектебінің директоры Утепбергенов Әбсұлтан Бексұлтанұлы қатысты. Сонымен қатар сазгердің інісі, әнші Шерниязов Жұмабай және әнші Үміт Медеуова қатысып, ел арасында кеңінен танымал болған «Ақшолпан», «Ақгүлім», «Сырдария», «Жаңақорған» әндерін шырқады. Бексұлтан Байкенжеев туралы естеліктер айтылды. Шара аясында сазгер-әншінің өмір жолы мен шығармашылығы жайында мәліметтер қойылған кітап көрмесі дайындалды.

 




 

 


Вернуться назад