DataLife Engine > Жаңалықтар > Сырлы әлем суреткері

Сырлы әлем суреткері


5-11-2019, 16:41
Автор: akbota

         «Креатив-территория» жобасы аясында 5 қараша күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Сырлы әлем суреткері» атты белгілі суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Рахым Шегебаевпен кездесу-сұхбат ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – сурет үйірмесінің оқушыларына  Рахым Шегебаевты жақын таныстыру, оларға эстетикалық тәрбие беру, суретші туындыларының  көркемдік ерекшеліктерімен таныстыру.

       Кездесу аясында Рахым Шегебаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Мәңгілік құндылықтар» атты кітап көрмесі дайындалды.

        Шегебаев Рахым Қарташұлы 1947 жылы 1 қаңтарда Қармақшы ауданында дүниеге келген. 1981 жылдан Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. 1975 жылы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1978 жылы Москвада мәдениет қызметкерлері білімін жетілдіру курсында оқып, Балтика жағалауы, Қырым, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина елдерінде суретшілердің шығармашылық бірлестігі құрамында жұмыс істеген.

        Суретшінің шығармалары Қазақстан Президентінің резиденциясында, ТМД елдері қалаларының музейлерінде, АҚШ, Канада, Португалия, Венгрия елдерінің жеке жинаушыларының иелігінде сақтаулы. Бірнеше диплом және грамоталармен марапатталған.

        Сұхбат барысында болашақ суретшілерге Рахым Шегебаевтың бейнелеу өнеріне қосқан үлесі, шығармаларының көркемдік ерекшеліктері туралы айтылды. Экран арқылы танымал туындылары көрсетіліп, шығармалардың тарихы мен құндылықтары жақын таныстырылды.

         Сурет үйірмесінің оқушылары өз тараптарынан қылқалам шеберіне бейнелеу өнері жайында көптеген сұрақтар қойып отырды. Шара соңында үйірме мүшелеріне Рахым Шегебаев сурет салудың қыр-сыры мен бояу ерекшеліктері туралы түсіндіре отырып, шеберлік сабағын көрсетті.





 

Вернуться назад