Қалтай Мұхамеджанов

     Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 2015  жылдың 21  мамырында Қазақстанның халық жазушысы, комедия жанрының шебері, ұлт мақтанышы Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасы ашылды.

    Әрбір қаламгердің жеке кітапханасы болғаны баршамызға белгілі. Көрнекті дра­матург, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың да кітапханасын ең бай кітапханалардың біріне жатқызады.  Міне  сол мол мұра Сыр бойы оқырмандары үшін сыйға тартылып, жарты  миллионға  жуық  бай қоры бар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханадан  Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасы  ашылды.  Кітапхана – кітаптан басталады десек,  мұндай тарту облыстық кітапхана  ұжымы үшін  баға жетпес құнды дүние болды. 

     Қазіргі таңда   облыстық   кітапхана  қоры 8 мың данаға жуық  кітаппен толықты. Осы рухани азықтың шашауын шығармай, жоғалтпай бізге жеткізген Қалтай ағаның жары Фарида Бекжанқызы мен ұрпақтары Жәмила мен Алтай Мұхамеджановтар.

Қ.Мұхамеджанов кітапханасының қорында   белгілі қоғам қайраткерлері мен қаламгерлердің өзіндік қолтаңбаларымен  кітаптар бар. Сонымен қатар кітапханада жазушының көп жылдар бойы пайдаланған жеке заттары:  жазу үстелі, орындығы, жазу құралдары, ескерткіш жазулары бар кәдесыйлары, портреті қойылды.  Жазушының айтулы  мерейтойларында жер-жерден келген ақ тілекке толы құттықтау хаттар да осы жерден орын алған. Жазушы отбасының өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар, белгілі қайраткерлермен, оқырмандармен түскен фотосуреттерімен  де танысуға болады. Құнды дүниелердің бірі - Елбасының жазушыға арнайы сыйға тартқан шапаны.  Рухани құнды мұраларды   Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханаға тарту еткен жазушының ұрпақтарына кітапхана ұжымы мен Сыр бойы халқының айтар алғысы  шексіз. 

      Алдағы уақытта білім іздеген, ғылым қуған пайдаланушылар, іздегенін таба алатын, көркем дүниемен ойын дамыта алатын тағы бір қасиетті орын ашылды  деп  айтуға  толық  негіз  бар.   

    Қалтай Мұхамеджановтың жылдар бойы жинақтаған жазба байлығын кітапханаға табыстауы игілікті істердің бастамасы. Құнды әдебиеттер кітапхананың қорын толықтырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу әрі оларға білім беру саласындағы өлшеусіз үлес болып табылады.

    Қ.Мұхамеджанов қоғам қайраткері ретінде күрескерлік қабілетімен, жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі азаматтық болмысымен көрінді. Қаламгердің шығармалары көптеген шет тілдерге аударылып, АҚШ, Ұлыбритания, Болгария, Венгрия, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, тағы басқа елдердің театрларында қойылды.

      Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітап қоры мен мемориалдық заттарын сақтау, оларды оқырмандардың пайдалануына мүмкіндік жасау, шығармашылығына зерттеу жұмыстарын жүргізу кітапхана қызметкерлерінің ортақ міндеті болып қала береді.