DataLife Engine > --- > АХМЕТ ӨТЕН

АХМЕТ ӨТЕН


15-04-2015, 16:01
Автор: akbota
           1938 жылы 7 қарашада Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Қорқыт стансасында туған.    Еңбек жолын Жезқазған руднигінде шахтада бастаған. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң,  Қарсақпай поселкесіндегі орта мектепте үш жыл ұстаздық қызмет атқарды. 1967 жылдан бастап ұзақ уақыт  баспасөз саласында еңбек етті. Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Балқаш қаласы бойынша  меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары, Бас редакторы,  облыстық телерадиокомпания төрағасы, республикалық «Азиятранзит» тәуелсіз саяси газетінің Бас редакторы,  Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мыңбаев ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  болды. 2005 жылдан бері Алматы облыстық Бикен Римова атындағы драма театрында әдебиет бөлімінің  меңгерушісі қызметін атқарады. «Жетісу» телеарнасында «Кешкі сұхбат» хабарын жүргізеді.
           «Алыптың адымы» атты тұңғыш очерк кітабы 1968 жылы, «Алда күн бар» атты алғашқы повесі 1973  жылы жарық көрді. Одан кейін «Адам болғым келеді» (1975), «Алтын арқау» повестері (1977), «Қоңыр үй»  (1982), «Заңғар» (1988), «Адасқан ғасыр» (2007), «Қарқаралы аруы» (2008) романдары шықты. «Сырдария» кітапханасы сериясымен 2009 жылы таңдаулы прозаларының І томдығы жарық көрген. «Қазақтелефильм» түсірген «Қарқаралы қыздарыай» телевизиялық фильмі сценарийінің, «Темірқазық», «Студенттер», «Кенесары, Наурызбай», «Желтоқсан ызғары», «Бағдаршам», «Құрыш пен қоңыз» пьесаларының авторы.
          «Құрыш пен қоңыз» әңгімесі үшін республикалық «Балдырған» журналының (1977), «Заңғар» романы үшін (1989) Қазақстан Магниткасы жұмысшы бәйгесінің лауреаты атанды. Республикалық телефестивальдерде бас жүлдені үш дүркін жеңіп алған. «Жас қазақ үні» газеті өткізген бәйгеде (2004) «Шақшақ шерілі» әңгімесі жыл үздігі атанған. «Уақыт кімді жақтайды?» көсемсөзі (2006) «Отбасы және денсаулық» журналының бас бәйгесін иеленген.
 

Əдебиеттер:

   Ахмет Ө.Адасқан ғасыр: Повестер /Ө.Ахмет.- Алматы: Жалын баспасы, 2007.- 320 б. Ахмет Ө. Шығармалары: Роман, хикаяттар мен əңгімелер. – Астана: Фолиант, 2009. – 384 б. – (Сырдария кітапханасы)

* * *

   Ахмет Өтен //Қазақ əдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Аруна, 2005. – 58 б.

   Ахмет Өтен //Қазақстан жазушылары / Құраст. С.Қамшыгер, Қ.Жұмашева. – Алматы: Ан Арыс, 2009. – 39-40 б.

   Ахмет Өтен //Қазақстан жазушылары :XX ғасыр: Анықтамалық / Құраст. Е.Дүйсенбайұлы, А.Естен, Қ.Омарұлы ж.б.- Алматы: Ана тілі, 2004. - 34 б.

   Ахметов Өтен //Советтік Қазақстан жазушылары: био-библиографиялық анықтамалық. – Алматы: Жазушы, 1987. – 48 б.




Вернуться назад