DataLife Engine > --- > СҮЛЕЙМЕН ЕСҚАРАЕВ

СҮЛЕЙМЕН ЕСҚАРАЕВ


8-05-2015, 15:33
Автор: akbota

   Мемлекет қайраткері Сүлеймен Есқараев 1897 жылы 17 тамызда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. 1910-1918 ж. Ақмешітте (қазіргі Қызылорда) кірпіш зауытында, темір жолда жұмыс істеген. Азамат соғысына қатысқан. 1919-1920 жылдары Ташкенттегі кеңес-партия мектебінде оқыды. 1920-1925 жылдары РК(б)П Сырдария облысы комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, Ташкент облысы төтенше комиссиясы бастығының орынбасары, Ақмешіт уездік-қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, РК(б)П Түркістан ОК бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары, Сырдария облысы кеңесі атқару комитетінің төрағасы, РК(б)П Сырдария облысы комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1925-1928 жылдары Қазақ АКСР ішкі істер халық комиссары қызметтерін атқарған. 1928 жылы ұлтшыл ретінде Қазақстаннан қуылып,Орынбордағыөлкелік милиция мектебінің бастығы болды (1928-1929). 1930-1933 жылдары Мәскеуде Бүкілодақтық жоспарлау академиясында оқыған. 1933-1936 жылдары Қарағанды облысы кеңесі атқару комитетінің төрағасы болды.

   1936 жылдың ақпанында Юстиция халық комиссары және республика прокуроры болып тағайындалады. 1936 жылдың 17 сәуірінде РСФСР Юстиция халық комиссариатының кеңесінде Қазақстандағы Юстиция және прокуратура жағдайын жан-жақты түсіндіріп, мәлімдеме жасайды. Көтерілген мәселелер бойынша кеңес 19 баптан тұратын арнайы қаулы қабылдайды.

   С.Есқараев аз уақыттың ішінде аса маңызды талай мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуға қол жеткізді. 1937 жылдың бюджетіне Юстиция комиссариаты ғимаратының құрлысын жүргізу енгізілді. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында ұлттық құқықтық мектептер ашылатын болды. Қазандағы Заң институтына 50 орын (ұлттық кадрлар үшін) бөлінді. 1936 жылдың күзінде Қазақстанның өз алдына тәуелсіз прокуратурасы құрылды. Ол Юстиция комиссариатын 1936 жылғы 17 тамызға шейін басқарды. Көп ұзамай халық комиссары кеңесі төрағасының орынбасарлығына жоғарылатылды.

   С.Есқараев 1937 жылы тамызда Қазақстандағы контрреволюциялық ұйым жетекшілерінің бірі деген жалған айыппен тұтқындалып, 1938 жылы Алматы қаласында атылған. 1957 жылы 5 қарашада ақталды. Қызылорда қаласындағы бір көшеге Есқараев есімі берілген. ҚР Үкіметінің 1997 жылғы 3 қарашадағы № 1485 қаулысымен ҚР Бас прокуратура жанындағы прокуратура органдары кадрларының біліктілігін арттыру, заңдылық және құқық тәртібін зерттеу Институтына Қазақ КСР-ның тұңғыш прокуроры Сүлеймен Есқараевтың есімі берілді.



Вернуться назад