DataLife Engine > --- > Бағланова Роза

Бағланова Роза


29-05-2015, 15:52
Автор: akbota

   Роза Бағланова Қызылорда облысының Қа­залы қаласында 1922 жылы 1 қаңтарда туған. Ол Қы­зылорда педагогикалық институтында оқы­ған­нан кейін 1941 жылы Ташкент филар­мониясы ән-би ансамблінің әншісі болды. Р.Бағланова бұл ансамбльдің құрамында Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында ән салды, Мәскеу түбінде шайқасқан панфи­лов­шы жауынгерлер алдында концерт қойды, 1945 жылы 9 мамырда Берлин қаласындағы Жеңіске арналған концертке қатысты. Оның орындауындағы «Кестелі орамал», «Ах, Самара, городок» әндері ел арасында ерекше танымал болды.

   1947-1949 жылдары ол Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясының солисі болды. Р.Т.Бағланова кейінгі 50 жыл ғұмырында «Қазақконцерт» шығармашылық бірлестігімен байланысын үзбеді.

  Роза Тәжібайқызы қазақтың ән өнерін да­мытуға айрықша ауқымды үлес қосты. Оның репертуарында қазақтың халық әндері, қазіргі композиторлардың шығармалары, әлем ха­лық­тарының – орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, қырғыз, корей, поляк, венгер, қытай, моңғол, үнді халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты.

   Аса танымал эстрада әншісі Роза Бағланова қазақ өнерін шетелдерде таныстырып әрі насихаттай отырып, белсенді гастрольдік қыз­мет жүргізді. Ол Мәскеуде өткен Бүкіл­одақ­тық эс­трада әншілерінің екінші конкурсының дип­ломанты, Бухаресте өткен Жастар мен студ­ент­тердің II бүкілдүниежүзілік фестива­лінің лау­реа­ты болды. Осы фестивальде халық әндерін орындағаны үшін арнайы сыйлық иеленді. Р.Бағлановаға арнап сазгерлер - Ә.Есебаев, Б.Байқадамов, Ш.Қалдаяқов, Б.Жамақаев, Н.Тілендиев ән жазған.

   Роза Бағланова еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Халық қаһарманы атағына ие болды, Ленин, Еңбек Қызыл Ту және Халықтар достығы ордендерімен марапатталды, тәуелсіз «Тарлан» сый­лығын иеленді.

   Танымал опера және эстрада әншісі, КСРО, Қазақстан мен Қырғызстанның халық әртісі Роза Бағланова 2011 жылдың 8 ақпанында 89 жасында дүниеден өтті. Әнші тұрған үйге мемориалдық тақта қойылды.


Вернуться назад