DataLife Engine > Жаңалықтар > «Ерлік пен өнер мәңгілік»

«Ерлік пен өнер мәңгілік»


5-05-2015, 18:46
Автор: akbota

     Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ағайынды Қожықовтардың шығармашылығына арналған «Ерлік пен өнер мәңгілік» атты көрме ұйымдастырылды. Оның мақсаты - өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбалары қалған Қожықовтар әулетінің қазақ өнеріне сіңірген еңбектерін, сондай-ақ 1941-45 жылдардағы соғыста жеңіске жетуге қосқан үлестерін насихаттау.

     Ағайынды Қожықовтар бейнелеу өнері мен кино саласындағы ұлттық ғажайып туындыларды жасаушы мәдениет қайраткерлері ғана емес, сонымен бірге 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушы майдангерлер ретінде де белгілі.

    Әулеттің әкесі - Қоңырқожа Қожықов орыс, парсы, араб, шағатай тілдерін еркін меңгерген ағартушы-педагог, ғалым-өлкетанушы және ортаазиялық халықтар тарихының, мәдениеті мен тілінің керемет білгірі ретінде белгілі тұлға. Ал анасы Ләтипа Мұңайтпасқызы - ХХ ғасырдағы қазақ әшекейлі-қолданбалы өнерінің жарқын өкілдерінің бірі болған жан. Ол кісінің қолынан шыққан әсем бұйымдар Қазақстанның орталық музейінде, тіпті Америка Құрама Штаттарындағы Рузвельттің мемориальдық музейінде сақтаулы. Өзінің ғажайып таланты мен өнерге деген сүйіспеншілігін бауырынан өрбіген 4 ұлына бере білген.

    Үлкен ұлы Қожахмет Қожықов КСРО Суретшілер одағының мүшесі. Қазақстандағы тұңғыш график-суретші. Бейнелеу өнеріндегі жаңа бағыт – карикатура мен плакат жанрының негізін салушы. Қазақстанда көркемсурет галареясының ашылуына ықпал еткен жан.

     Екінші ұл Құлахмет Қожықов қазақтың кино және театр өнерінің бірінші суретшісі ретінде танылған. Қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушыларының бірі, республиканың еңбек сіңірген өнер қайраткері.

    Оның шығармашылық мұрасының ауқымы аса кең әрі сан қырлы. Сахна кескіндеуші және кино суретшісі, кескіндемеші және кітап графигі, дәстүрлі қазақ халық өнерінің зерттеушісі және оны шашау шығармай сақтау ісінің қызу жанашыры.

Ленинградтағы үлкен театрдың студиясын бітіріп, соғыс жылдары атағы жер жарған Орталық біріккен киностудияда жұмыс жасаған. Қазақ киносының алтын қорына енген «Менің атым Қожа», «Біз Жетісуданбыз», «Атамекен», «Гауһартас», «Қорытпа», «Қыз Жібек» т.б. фильмдердің қоюшы-суретшісі болды.

   2014 жылы қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, республикамыздың ұлттық сахна және кино декорациясы өнерінің негізін салушысы Құлахмет Қожықовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Құлахмет Қожықов – қазақ театры мен киносының тұңғыш суретшісі»атты кітап жарық көрді.

    Кітап-альбомның жарыққа шығуы қайраткердің туғанына 100 жыл толуына орайластырылып отыр. Кітапта суретшінің театрдағы және кинодағы жұмыстары мен Ұлы Отан соғысы жылдарында орталық Біріккен киностудияда С.Эйзенштейнмен және басқа да кеңес киносының майталмандарымен кездесуі, олармен бірлесіп еңбек еткендері және «Қазақфильмдегі» одан кейінгі жұмысы жайлы баяндайтын естеліктері пайдаланылған. Альбомда декорациялық театр және кино эскиздері, кескіндемелік және графикалық туындылары, спектакльдер мен кинофильмдерге арналған костюмдер және отбасылық мұрағаттан алынған фотосуреттер бірінші рет жарыққа шығып отыр.

    Кітап суретшілерге, театртанушыларға, кинотанушылар мен өнертанушыларға, өнер сүйер қауымға және Қазақстан өнері мен мәдениетіне ықыласты барлық оқырман қауымға арналған.

    Кітапты құрастырған суретшінің қызы, өнертану бойынша Қазақстан Суретшілер одағының және Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі, доцент Қожықова Сәуле Құлахметқызы.

     Қожықовтардың үшінші ұлы – Нұрахмет алғашқы қазақ мүсіншілерінің бірі болды. Ол бірқатар скульптуралық жұмыстарды өмірге әкелді. Майданнан алған ауыр жарақатына байланысты науқасты болса да ол өнерді тастаған жоқ.

     Қожықовтардың төртіншісі Сұлтанахмет 18 жасында майданға аттанып, Панфиловтың гвардиялық дивизиясында шайқасты. 1958 жылдан бастап 40 жылға жуық өмірін «Қазақфильмге» арнады. Жоғары адамгершілік пен махаббатты насихаттайтын «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Жартастағы шынар», «Қыз Жібек» т.б. фильмдерін қойған көрнекті кинорежиссер.

    Көрменің ашылу салтанатына арнайы шақырылған құрметті қонақтар, қоғам және мемлекет қайраткерлері С.Шаухаманов, А.Божанова, Н. Бекежанов атындағы облыстық театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Х.Әмір-Темір, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші Қ.Зәкіровтер, сондай-ақ Қоғалыкөл ауылынан келген туыстары Қ.Реджепова, Н.Шақапұлы табиғатынан талант қонып, білім дарыған, қазақ халқына ғажайып тұлғаларды берген Қожықовтар әулеті туралы тағылымды әңгімелер айтты.

      Көрменің ашылу салтанатына жиналғандар Қожықовтар әулетінің өмірі, шығармашылық жолдары туралы сыр шертетін кітаптар, мерзімді баспасөз материалдары мен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы осы әулеттің тұтынған заттары, наградалары, суреттері т.б. отбасылық жәдігерлерімен танысты.


 


 


Вернуться назад