DataLife Engine > --- > Жаназар батыр

Жаназар батыр


4-05-2015, 10:02
Автор: akbota

     Әр елдің өзінің қиян-кесті сәттерде халқын қорғайтын батырлары болған. Шиелі өңіріндегі сондай батырлардың бірі Жаназар батыр екен. Жаназар Досқанұлы 1818 жылы дүниеге келген. Қыпшақтың шашты атасына жатады. Сыр бойы қазақтарының Қоқан басқыншыларына қарсы күресіне белсене қатысқан. Қыпшақ жасағының жүзбасы болып, Жөлек, Жаңақорған, Созақ бекіністерін азат етуге қатысқан. Жаназар батыр аз уақыт Кенесары қозғалысының құрамында болған. Иман батыр бастаған қыпшақ қолына қосылып, көтерілісшілермен бірге Әулиеатаға дейін ілесіп барған. Ағасы Бекназар Кенесарының қасында қалып, 1847 ж. Кекіліктауда болған айқаста қаза тапқан. Сыр бойын патшалық Ресей отарлай бастаған кезде қоқандықтар жағына шығып, орыстарға қарсы күрескен.

     Бабамыздың көзін көрген кәрі құлақтардан ауыз-екі жеткен аңыздардың айтуынша, ол екі иығына екі кісі мінгендей ірі денелі, қапсағай бойлы, қараторы жүзді, сұсты қабақты, өткір көзді, қыр мұрынды, келісті кісі болыпты. Жауға шапқанда, төбесіне бұлт көшіп, төңірегін тұман тұмшалап тастайды екен. Қарсы келген дұшпаны осыдан-ақ қарға адым жерді көре алмай, табан асты тал қармап, қапыда қалатын болған. Жекпе-жекке шыққанда, атының мойнындағы қыл шылбырды әдейі бос жіберетін көрінеді. Сол кезде ауада қылқып, жер сызып шұбатылып келе жатқан шәлкес алабөтен үн шығарып, қарсыласының құтын қашыра түсетінге ұқсайды.

     Жаназар батыр Шиелі өңірінде ұлғайып қартайғанша өмір сүріп, 1885 жылы дүние салғанға дейін ел арасында өте қадірлі, беделді азаматтардың бірі болған. Ол кісі бай болмаған, елге әдептілігімен, адамгершілігімен, шыншылдығымен, қасиетті тіршіліктерімен өте қадірлі кісі болғанын өткен уақыттағы қариялардан естіген көне көзді қарттар: «Шіркін, Жаназардай әділ болу керек» - деп айтады да мақтан етеді.

     Батырдың бүгінгі ұрпақтары оның әруағына арнап кесене тұрғызды. Ол Сұлутөбе қыстағының теріскей бетіндегі үлкен жолдың бойынан бой көтерген.


Вернуться назад