DataLife Engine > --- > БИШІМБАЕВ УӘЛИХАН ҚОЗЫКЕҰЛЫ

БИШІМБАЕВ УӘЛИХАН ҚОЗЫКЕҰЛЫ


8-05-2015, 16:32
Автор: akbota

  Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаев (27.10.1946 ж. туылған, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылы) – ғалым, техника ғылымының докторы (1991), профессор (1992), ҚР ҒА-ның академигі (1992), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері. Қазақ химия-технология институтын бітірген (1968). 1969 – 1976 жылдары Мәскеу химия-технология институтында аспирант, 1972 – 1976 жылдары Қазақ химия-технология институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі,  1976 – 1990 жылдары Жамбыл гидромелиорациялық-құрылыс институты Қызылорда бөлімшесінің директоры, 1990 – 1996 жылдары Қызылорда агроөнеркәсіптік өндіріс инженерлері институтының ректоры болды.

  1996-1998 жылдары - Жамбыл университетінің ректоры.

  1998-2001 жылдары - М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры.

  2001-2012 жылдары - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры.

 2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП мүшесі.

  Негізгі ғылыми еңбектері табиғи қорларды тиімді пайдаланудың химия технологиясына, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған. Ол органикалық және анорганикалық текті шикізаттық дисперстік жүйелердің қалыптасу, өзгеру заңдылықтарын анықтады. Батыс Қазақстан мен Арал өңіріндегі мұнайлы битумды, сапасыз сазды жыныстарды және өнеркәсіп қалдықтарын өңдеу мен өндірісте қайта қолдану әдіс-тәсілдерін зерттеді. Бишімбаев табиғи күрделі гетерогендік жүйелердің құраушыларға ыдырау механизмін ашты. Фазалардың бөліну бетіндегі коллоидтық-химиялық құбылыстарды анықтады, мұнайлы битумды жыныстарды геоэкологиялық жағдайларды ескере отырып өндірудің тиімді әдістерін, сондай-ақ битумдық эмульсия алудың қалдықсыз технологиясын ұсынды.

   500-ден аса ғылыми еңбектердің, оның ішінде 13 монография, оқулықтар, оқу құралдары, 29 өнертабыс пен патенттердің авторы. «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағын алған, ҚР білім, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері

  2009 жылы ІҮ шақырылған Қызылорда қаласының мәслихатының шешімі, Қызылорда қаласы әкімдігінің қаулысымен Бишімбаев Уәлихан Қозыкеұлына "Қызылорда қаласының Құрметті азаматы" атағы берілді.



Вернуться назад