«Ұлық тұтар - Ұлы Заң»2016 жылдың 24 тамыз күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған «Ұлық тұтар - Ұлы Заң » атты кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды. 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституция Қазақстанның демократиялық, зайырлы – құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуының, бекітілуінің, дамуының айшықты символына айналды. 30 тамыз - Қазақстан халқы тарихи таңдау жасаған ұлы бетбұрыс күні. Жаңа Қазақстанның заманның талаптарына сай келетін Негізгі заңының мәтінін бекітті. Конституция - біздің барша табыстарымыздың бастауы. Елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат – тұрақтылық пен татулықтың тұғыры. Көрменің негізгі мақсаты: Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң – тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы, сан буын ұрпақ алмасса да ескірмейтін, жыл өткен сайын жаңғыра беретін құндылықтар жинағын насихаттап, қастерлеуге баулу. Мемлекетіміздің алтын қазығын қастерлеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Конституцияның әрбір сөзін мүлтіксіз орындап, бұлжытпай сақтауға тәрбиелеу. Қазақтың тіліне, мәдениетіне, тарихына қатысты басылымдарды насихаттау арқылы кейінгі ұрпаққа өнегесі мол тәлім тәрбие беру. Көрме 4 бөлімнен тұрады.Бірінші бөлім: «Ел тарихы – жер тарихы» деп аталады. Еліміз Конституциясы тек қана қазіргі заманғы әлемдік құқықтық ғылымның жетістіктерін ғана емес, қазақ мемлекеттілігінің тұңғыш актілерінің әлеуетін де қамтиды. Оларға « Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», « Тәуке ханның Жеті Жарғысы», сонымен қатар басқа да құқықтық-заңдық ережелерді жатқызуға болады. Тарихын бағамдап, келешегін кемелдей түсуге үлес қосатын әдебиеттер осы бөлімнен орын алды. Ж.Артықбаев «Қазақстан тарихы», Ә.Пірманов «Қазақстан: мемлекеттік кезеңдері», А.Абдакимов «История Казахстана», т.б. Екінші бөлім: «Ұлттық жүйе – Конституциялық құқық» деп аталады. Елімізде саяси тұрақтылықты сақтауда Қазақстан Республикасы Конституциясының орны ерекше. Бұл бөлімде құқықтық саланы терең қамтыған әдебиеттер, атап айтсақ: Г.Сапаргалиев «Становление конституционного строя Республики Казахстан», Ғ.Сапарғалиев «Қазақстан республикасының конституциялық құқығы», С.Табанов., А. Оразова «Күрделі заманның өтпелі кезеңдеріндегі қазақ қоғамы ата заңдарының (конституцияларының) тарихы-құқықтық сабақтастығы», С.Зиманов «Конституция и Парламент Республики Казахстан» және тағы басқа ҚР Конституциясына байланысты әдебиеттер қойылды. «Жеті жарғының» негізін салушылардың бірі – қазақ, башқұрт, татар, ноғай қолын қазақ туы астында жиырма үш жыл басқарған, атақты «Елім-ай» жырының авторы Қожаберген жырау туралы деректер де осы бөлімнен табылады. Үшінші бөлім: «Әлем таныған кемел тұлға» Бұл бөлімге қоғам қайраткері Қ.Сұлтановтың «Елбасы және Қазақ Мемлекеттігі», «Елбасы», М.Қасымбековтың «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы», « Еліне елеулі Елбасы», «Әлемдік тұлға» т.б. кітаптар мен фотоальбомдар қойылды. Төртінші бөлім «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан». Бұл бөлімде орналасқан әдебиеттер: Н.Ә.Назарбаев «Еуразия жүрегінде», «Астана – Қазақстанның жүрегі», А.Джаксыбеков «Так начиналась Астана», «Менің елім Қазақстан», «Тәуелсіз Қазақстан: күннен күнге», «Летопись независимости», «Казахстан сегодня», О.Сабден «Инновационная экономика», «Қазақстан: бірлік пен әр алауандық жолында», «Модернизация и рост конкурентоспособности экономики Казахстана», «Экономика Казахстана в условиях модернизации и интеграции», А.Сужикованың «Менің Отаным-Қазақстан» деген еліміздің тарихы, табиғаты мен мәдениеті туралы қызықты кітаптар, сонымен қатар Қазақстан тарихына қатысты көркем әдебиеттер де орын алған. Көрменің ашылу салтанатында өзбек этно – мәдени орталығының мүшесі Ашур Халилов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымының докторы Дастан Сәтбай, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас өздерінің лебіздерін білдіре отырып, көрменің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ қатысушылар Елбасының еңбектерімен, ЭКСПО -2017 материалдарымен танысты. Кітап көрмесіне 360 кітап, мерзімді басылымдар, фото-суреттер қойылды. Мәдени шараға Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері, ақын-жазушылар, этномәдени орталықтар өкілдері, жастар, зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары, БАҚ өкілдері қатысты.
|