«Алаштың ақтаңгері»Аса көрнекті ғалым, абайтану ғылымының негізін салушы, Абай мұражайын құрушы, Қазақстанның тұңғыш Әнұранының авторы, ақын, аудармашы, Алаш арыстарының ізін жалғастырушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толуына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Алаштың ақтаңгері» атты дөңгелек үстел өткізді. Қасиетті өлкеде дүниеге келіп, халқымыздың бай ауыз әдебиетімен сусындап өскен Қайым Мұхамедханов, әсіресе, Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармашылықтарын зерттеп, зерделеп, ойына түйіп өсті. Семей педагогикалық институтының филология факультетін үздік бітірген болашақ ғалым ұзақ жылдар осы оқу орнында қазақ әдебиеті тарихынан дәріс оқыды. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовпен өмірінің 20 жылдан астам уақытында бірге болып, келешек ғылыми-зерттеу жұмысына бағыт-бағдар алды. Мұхтар Әуезовтің кеңесімен «Абайдың ақындық мектебі» тақырыбын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Ұзақ жылдар Абайдың өмірі мен шығармаларының жазылу тарихын зерттеп, ұлы ақын поэзиясының текстологиясын жасады. Қайым Мұхамедханов әдебиет тарихына қосқан үлесі де салмақты. Соның ішіндегі жыраулар әдебиеті жөніндегі өмірбаяндық зерттеулер мен текстологиялық салыстырулары бұл саладағы көптеген көмескі жайлардың бетін ашып, тың деректер мен соны пікірлер түйіндеуге негіз қалады, ғылыми-зерттеу еңбектерінің көбі әдеби өлкетану бағытында болды. Қазіргі таңда ғалымның 30-дан аса жеке құжаттары мен өзінің тұтынған заттары Республикамыздағы ең көне музейлердің бірі Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақтаулы. Қайым Мұхамедханов - КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі; Семей, Аягөз қаласының, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы болды. Ал 90 жасында өміріндегі көрген бейнеті мен зейнеті бағаланып, 1996 жылы 30 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолынан Мемлекеттік сыйлық алды. Мәдени-шараға қатысқан қонақтар: Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты – Айтбаева Айман Ералықызы, И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің оқытушысы - Қалманова Айжан Ақбергенқызы, кітапхананың оқырманы – Мұқашева Гүлжайна. Келген қонақтар ұлт мүддесі жолында қайтпас қаһармандылықтың үлгісін танытқан Қайым Мұхамедхановтың тар жол, тайғақ кешуге толы қилы тағдары мен оның қазақ әдебиетіне қалдырған мол мұрасымен, шығармашылық белестері туралы ой-пікірлермен, қызықты деректермен бөлісті және №101 орта мектептің оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқыды, кітапхананың қызметкері Шакиева Айжан ғалымының өмірбаянына тоқталып, іс – шараның соңында кітап көрмесіне шолу жасады. Ғалымның әртүрлі өмір кезеңдерінің слайд жасалып, шығармаларынан кітап көрмесі ұйымдастырылды.
|