«Қалағаңның қалжыңдары-халық мұрасы» атты әдеби кеш2016 жылдың 20-қазан күні сағат 10-00 де Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстанның Халық Жазушысы, драматург, аудармашы Қалтай Мұхамеджановтың шығармашылығына арналған «Қалағаңның қалжыңдары- халық мұрасы» атты әдеби кеш өтті. Шараның мақсаты - Қалтай Мұхамеджановтың өмір жолы мен өнер жолын насихаттау. Шығармаларынан үлгі боларлық адами қасиеттерді жастарға ұғындыру. Қалтай Мұхамеджанов – нағыз ақыл-парасаты ақын-ғарасатына ұштасқан ақын мен ахунның ортасында Сыр бойының топырағын шаңдатып өскен жанның бірі. Әдетте, аты елге аян болып, сөзі ел құлағында мәңгі қалған жандар некен- саяқ деуге болады. Біз оны Қалтай Мұхамеджановтың өз тілімен айтсақ, « Алланың ықыласы құлаған адамдар тым сирек қой». Сондай адамның бірі осы Қалтай Мұхамеджанов. Нендей жанның болмасын, дән өсетін құнарлы топырақтай, елдің есінде қалатын көне сөздің көркін ашатын ортасы болатыны айдан анық. Олай болса Жазушының өскен елі де сондай құнарлы сөздің қуатты ортасы, қала берді, нағыз ордасы болатын. Жазушының жеке кітапханасында 7597 дана кітап бар. Құнды әдебиеттер кітапхананың кітап қорын толықтырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу әрі оларға білім беру саласында өлшеусіз үлес қосуда. Әдеби кеш барысында жазушының өмір жолы мен «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Бөлтірік бөрік астында» атты комедияларына шолу жасалынып, жастар жазушы шығармасынан көріністер қойды. Қ.Мұхамеджановтың шығармаларын зерттеп, зерделеп жүрген Қызылорда Мемлекеттік университетінің профессоры Құдайбергенов Қазыбай естеліктер айтты. Қызылорда гуманитарлық экономикалық колледжінің кітапханашысы Л.Рабаева Қалтай Мұхамеджанов туралы оқыған кітаптарынан қызықты үзінділер айтты. Колледж студенттері Үмбеталиева Айнагүл, Орынбек Нұрайым, Ермекқызы Динара, Совет Елдос, Әмірша Бексұлтан арнау өлеңдерін оқыды. Шараға ҚМУ профессоры Қ.Құдайбергенов, Қызылорда гуманитарлық экономикалық колледжінің мұғалімдері мен студенттері, оқырмандар қатысты. Қатысушылар жазушының жеке кітапханасымен танысып, әр суреті бір тарихи кезеңді аңғартатын фотоальбомдарды тамашалады.
|