1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналған «Тәуелсіз Қазақстан және Тұңғыш Президент» атты кітап көрмесінің салтанатты ашылуы болды.28 қараша күні сағат 11.00-де Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналған «Тәуелсіз Қазақстан және Тұңғыш Президент» атты кітап көрмесінің салтанатты ашылуы болды. Шараның мақсаты – оқырман қауымға Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен жүргізіп отырған саясатын, іскерлік қабілетін кеңінен насихаттау. Жас оқырмандарға Президенттің ел үшін жасаған істерін үлгі-өнеге ету. Өз Отанын, халқын, елі мен жерін сүйетін азамат болып өсуге тәрбиелеу. Шараға зиялы қауым өкілдері, ұлттық мәдени орталық өкілдері, басқарма басшылары, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты. Тақырыпқа сай безендірілген аванзал төрінде 2-ші қабаттан төменге қарай Елбасының айтқан қанатты сөздері, суреттері ілінген. «Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына арналған Жолдауы» және «Қазақстан жолы» кітаптарының макеті де зал төрінен орын алған. Көрме жанындағы теледидар арқылы кітапхана пайдаланушыларына «Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» атты электрондық кітапханадағы мәліметтер базасына кірген Н.Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы библиографиялық жазбалар ұсынылды. Қоғам қайраткері Ержан Уәйіс, Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Елена Рыбина, Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Ахметбек Бақытжан құттықтау лебіздерін білдірді. Тәуелсіздік құрдастары Президент, Қазақстан туралы өлеңдер оқыды және патриоттық әндер орындалды. Шара қатысушыларына Елбасының өмірі мен қызметі, еңбектері жазылған «Тұңғыш Президент» атты буклеттер таратылды.
|