Ақын, журналист Асқар Кіребайұлының 70 жылдығына арналған облыстық жыр мүшәйрасыӘ.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында белгілі қаламгер, дарынды ақын Асқар Кіребайұлының 70 жылдығына арналған облыстық жыр мүшәйрасы болып өтті. А.Кіребаев қазақ поэзиясында өз орны бар өлең сүйер қауымды жалынды жырларымен сусындатқан талантты ақын. Асқар Кіребаевтың сезім мен сұлулыққа толы шығармалары күні бүгінге дейін өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге қызмет етіп келеді. Жыр мүшәйрасына мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы мәслихатының құрметті депутаты А.Божанова, жергілікті ақындар Ә.Рахымбекұлы, Н.Көбегенұлы және жаны жайсаң, парасатты, азамат ақынның жары Күлжахан Боранбаева қатысты. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Қайруллаев сөз сөйлеп, жас ақындарға сәттілік тіледі. Облыстық жыр мүшәйрасына 22 үміткер қатысып, байқау шарттарына сәйкес 12 талапкер іріктелді. Үміткерлер ақын Асқар Кіребайұлына арнаған 1 өлең, еркін тақырыпта 1 өлең оқыды. Сайысты ақындар Қ.Жәленова (қазылар алқасының төрайымы), алқа мүшелері: Қ.Есімсейітова, Т.Абылаев, Ғ.Әбілда, Р.Наурызбаева қорытындылап, нәтижесінде 1 орын - Ибрагимұлы Ақтөре (Сырдария ауданы), 2 орын – Ержігіт Бекжан (Шиелі ауданы), 3 орын – Мәлік Оралхан (Жалағаш ауданы) берілді. Байқауға қатысқан барлық талапкерлер алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Шара барысында «Ақынның асыл мұрасы» атты кітап көрмесі және ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған слайд дайындалды.
|