Кеңес Дүйсекеевтің 70 жасқа толуына орай «Сұлу саздың зергері» атты музыкалық кеш ұйымдастырылды.Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педогогикалық колледжінің өнер бөлімімен бірлесіп қазақ музыкасының жарық жұлдызы, әйгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеевтің 70 жасқа толуына орай «Сұлу саздың зергері» атты музыкалық кеш ұйымдастырылды. Мақсаты: Оқырмандар арасында Кеңес Дүйсекеевтің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, дарынды тұлғаларымызды құрметтеуге және өнерін қастерлеуге тәрбиелеу. Кеңес Дүйсекеев 1946 жылы 10 ақпанда Қызылорда облысы Қазалы ауданы «Қызыл Ту»
колхозында шаруа отбасында дүниге келген. Жалпы білім беру мектебінде домбыра
тартуды үйрене жүріп, бірнеше күй мен ән жазған. 1964 жылы П.И. Чайковский атындағы мектепті бітіріп,
Алматы музыкалық училищесіне оқуға түседі. 1968-1974 жылдары Құрманғазы
атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқиды.
Кеңес Дүйсекеев консерватория аяқтағаннан кейін 1974-1976 жылдары Республикалық «Гүлдер» жастар эстрадалық ансамблінің бас дирижері және музыкалық жетекшісі болып қызмет атқарады. 1976-1979 жылдары «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің музыкалық жетекшісі болды. 1979 жылы Қазақ телевизиясы музыкалық редакциясының бас редакторы болып тағайындалады. К. Дүйсекеевтің басшылығымен «Тамаша», «Халық - талант қайнары», «Шабыт», «Жастарға арналған музыкалық кештер», «Музыка әлемінде» және т.б. танымал телевизиялық хабарлар құрылады.1984 жылы конкурстан өтіп, Қазақстан Мемтелерадио эстрада симфониялық оркестрінің бас режиссері және көркемдік жетекшісі болып тағайындалады. 1994 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алды. 1997 жылдан «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі болып жұмыс істейді. 2005 жылы Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталған. Мәдени шарада Кеңес Дүйсекеевтің өмірі мен шығармашылық жолы туралы әңгіме айтылып, « Домбыра туралы баллада», «Ғашықтар жыры», «Қарағым-ай», «Еркеледің сен», «Өкінбе сен», «Сәлем, саған туған ел» т.б әндері орындалды. Іс-шараға жиналғандар К.Дүйсекеевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сұлу саздың зергері» атты кітап көрмесімен танысты.
|