Ә.Тәжібаевты еске алу кеші
Әбділда Тәжібаев 4 ақпан 1909 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Әбділда ақын соңына үлкен мұра қалдырды. Асқақ ақынымыздың өмір жолы мен шығармалары, сын зерттеу, естеліктері көпшілікке жақсы танымал деуге болады. Сөйтсе де ұлылықтың тағлымы – қайталанудан таусылмақ емес. Қайта тартымдылығы артып, өнегелік өрісі ұлғая түседі. Оған қоса қаламгерлердің жаңа буын, жас буынмен ағалық сырласуы жылдар өткен сайын жалғаса бермек. Шара мақсаты: Қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, әдебиет зерттеушісі Әбділда Тәжібаевтың шығармашылығын насихаттау. Жастарды ақынның шығармащылық ғұмырында қалдырған мол мұрасымен таныстыру. Ақын шығармаларын жас буын оқырмандарға жеткізу, еңбектері мен ол туралы естеліктерге шолу жасап, өмір жолы мен өнер жолынан ғибрат алу, өскелең ұрпақты отаншылдық сезімге, патриоттық рухқа дағдыландыру. Ұлттық мәдени мұрамызды құрметтеуге, білімді әрі өнегелі болуға тәрбиелеу. Ең алдымен, Ә.Тәжібаев ескерткіші жанында «Жаухазын – Ғұмыр» шығармашылық клубының мүшелері ақынның өлеңдерін оқып, гүл шоқтарын қойды. №23 Ж.Қизатов атындағы мектеп – лицейінің мұғалімі М.Маратова өз арнауын жолдады. Жиналған қонақтар ақынның мұражайына экскурсия жасап, кітап көрмесімен танысты. Шара барысында оқу залына қарасты «Келбет» жобасының тұсауы кесілді. Жобаның мақсаты: өмірдің әр саласында түрлі жетістіктерге жетіп жүрген, елімізге, өңірімізге танымал тұлғалардың өмірімен таныс болу. Қоғамға еңбегі сіңген, жастарға берері мол, қызықты әңгімесімен баурайтын аға – апаларымызды, оның арасында өнер шеберлерімен, спортшылармен, Сырдың зиялы қауым өкілдерімен кештерді ұйымдастыру. Жоба форматы – «сырласу алаңы». Қонағымызбен бірге оның айналасында жүрген әріптестері мен ұстаздары шақырылып, оқырмандарға әр қырынан танылатын болады. Іс – шараға қатысқан қонақтарымыз - ақын Т.Абылаев, Қорқыт ата Қызылорда мемлекеттік университетінің мұғалімдері, профессор М.Аңсатова, Ш.Бакмағанбетовтер қатысып, өз пікірлерін білдірді.
|