«Періште қанатты тағдыр»2017 жылдың 15 ақпан күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы жазушы, ақын Зейнолла Шүкіровтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Періште қанатты тағдыр» атты әдеби кеш өткізді. Кеш қонақтары ақынның інісі Алпысбай Шүкіров дара тұлғаның өмір жолынан өте қызықты деректерді әңгімелеп берді және «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы ақынға арнау оқып, қазақ әдебиет әлемінде даралана танылып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған қайсар қаламгер шығармашылығына тоқталды. Өткеннен үлгі алып, өркениетке қол созған жас ұрпақ ақын жырларымен сусындай бермек. Кеш барысында № 264 мектеп-лицей, №7 орта мектеп, №172 қазақ орта мектебі, №233 Ж.Нұрпейісов атындағы мектеп оқушылары ақынның лирикалық өлеңдерін орындады, №112 орта мектептің 9 сынып оқушылары Зейнолла Шүкіровтің «Қызыл бәтеңке» атты балаларға арналған шығармасы бойынша сахналық көрініс көрсетті, ақынның сөзіне жазылған «Сыр сұлуы» әні шырқалды. Шара соңында оқырмандар ақынның шығармашылығына арналған «Қайсар рухты қаламгер» атты кітап көрмесімен танысты.
|