«Дамудың жаңа даңғылы» Сұхбат2017 жылдың 22 ақпан күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мерзімді басылымдар секторы «Болашақ» университеті колледжінің ЭС-14/9 оқу тобының студенттерімен сұхбат ұйымдастырды. Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кезекті Жолдауымен сектор меңгерушісі А.Шакиева таныстырып, Жолдаудан туындайтын міндеттер жайлы қысқаша тоқталып өтті. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ІТ – саланы бірінші басымдық ретінде мемлекеттік деңгейге қойғаны, бұл бір жағынан қуантады, екінші жағынан тарихтың көлеңкесінде қалып қоймас үшін біздің барлығымызды осы заманғы цифрлық технологиялардың негізінде жаңа индустрияны дамытуға, экономиканың қазіргі құрылымын жетілдіруге жаңа бетбұрыстар жасауға итермелейді. Әр қазақстандық Елбасы Жолдауының әр жолына қанығуы керек. Әр жолдың артында барар бағытымыз, әр санның артында атқарар іс тұр. – деді сектор меңгерушісі А.Шакиева. Сұхбат барысында студенттер ІТ- білімнің негіздерін меңгеруге, мобильдік банкинг, электрондық қызмет түрлеріне ерекше қызығушылық танытып, өз ойларын ортаға салды. «Болашақ» университеті колледжінің құқық пәнінің оқытушысы Д.Серкебаев шараны қорытындылап, Жолдаудың өзіміздің жарқын болашағымыз екенін айта келіп, ол жұдырықтай жұмылғанда, оған үлес қосуды әркім өзінің парасатты парызы деп санағанда мүмкін болатындығын айтты. Шара барысында студент жастар «Ел мүддесімен ұштасқан жолдау» атты кітап көрмесімен танысты.
|