KITAPKHANA.KZ
kz ru

«Конституция - мәңгілік елдің тұғыры» (кітап көрмесі)

    Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде 30 тамыз- Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай «Конституция- мәңгілік елдің тұғыры» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге еліміздің тарихын, тәуелсіз Республикамыздың табыстары мен жетістіктерін таныстыратын 200-ден аса басылымдар, монографиялар, шығармалар жинақтары, Қазақстан Республикасы Президентінің кітаптары, фотоальбомдар, мерзімді басылымдар бетінде жарияланған мақалалар қойылды.

    Көрменің «Қазақ елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік Ел» атты бірінші бөлімінде қойылған әлем әдебиетінің асыл мұраларының бірінен саналатын түркі тектес халықтарға ортақ өлеңмен жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» философиялық ең көне дәуір туындысында халқымыздың рухани жан дүниесі мен рухани байлығы терең ашылып көрсетілген. Жиырма томдық «Әл-Фараби философиясы» кітабының 2-томына орта ғасыр ойшылы Әл-Фарабидің ең маңызды саналатын еңбектері енген.

    Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы тану мүмкіндігі – тәуелсіздік жемістерінің бірі. «Елтұтқа» кітабында 150-ге тарта әйгілі тарихи тұлғалар туралы ғылыми мағлұмат берілген. Отан тарихын білгісі келетін, ата-баба рухын ардақтай білетін әрбір ұлт жанды оқырманға арналған.

   «Бабадан қалған асыл сөз» кітабында Ұлы Даланың шешендік өнерінде терең із қалдырған ұлы ғұламалар мен дана ойшылдардың, ақын-жазушылар мен мемлекет қайраткерлерінің, ел билеген қағандар мен әскери қолбасшылардың, данышпан тұлғалардың ел ішін ауызбірлікке, татулыққа шақырған салиқалы ой-толғаныстары, келер ұрпаққа арнаған өнеге-өсиеттері, қанатты сөздері, сондай-ақ Отан туралы, тіл туралы жыр –толғаулары мен өлең, дастандарынан алынған үзінділер уақыт елегіне сай, хронологиялық тұрғыдан топтастырылған.

   Көрмеге төрт кітаптан тұратын «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» атты оқулықта қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасу тарихы, қағанаттар, ордалар мен хандықтар құру жолындағы күресі, отандық тарих ғылымында тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан жаңа тарихи көзқарастар және ғылыми айналымға қосылған тарихи деректер баяндалған.

    Көрменің «Конституция – ел дамуының қайнар көзі» екінші бөлімінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген «Қазақтың ата заңдары», Әз Тәукенің «Жеті жарғы» заңдар жинағы және отандық заң ғылымының дамуына, құқықтық мемлекеттің қалыптасуына, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан зиялы тұлға Сұлтан Сартаевтың басылымдарына ерекше орын берілген.Кітап көрмесінде Қазақстан Конституциясының негізгі бағыттары жүйелі түрде көрсетілген. Мемлекетіміздің үш билігі - Президент, Парламент, Үкімет және Конституциялық кеңес жайлы да бөлім бар. Сонымен қатар, адам және адамзат құқықтары, ішкі саясаттың негізгі бағыттары, Қазақстанның ішкі саяси тұрақтылығы, ұлтаралық татулық жайлы кітаптары көрмеге қойылған.

    Көрменің 3-бөлімі «Жаңа Қазақстан – Ұлы дала Елі» деп аталады. Мұнда елбасымыздың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» кезекті жолдауы , «Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамы», Қазақстанның тарихи дамуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, патриоттық және ұлттық бірлік, мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі, серпінді дамып келе жатқан еліміздің бас қаласы жаңа Астанамыздың кешегісі мен бүгінгісі жайлы кітаптар қойылған. Атап айтсақ, Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел. Ғасырға бергісіз жылдар» атты жаңа кітабы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне арналған. Бұл – Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен Ұлы өзгерістер жолы қамтылған тұңғыш кітап.

    «Мәңгілік Ел - Қазақстан: Фотоальбомы» - Қазақстан Республикасының жалпы сипаттамасын, табиғатының көзбен көріп, тамашалауға тұрарлық, туризмі дамыған көрікті жерлерін, айтулы тарихи орындарын, қысқаша экономикалық-саяси ахуалын көрсететін, сонымен қатар қазақ халқының өзіне тән ұлттық құндылықтары мен еңбек түрлерін, маусымдық қоныстарын, салт-дәстүрлерін, киімдері мен музыкалық аспаптарын, ойындарын, тағамдары мен қолөнер бұйымдарын, т.б. ерекшеліктерін, фотосуреттермен бірге таныстыратын басылым болып табылады. Бұл басылымнан тәуелсіз жас мемлекет - заманауи Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген тұлғалар туралы да білуге алады. Кітап үш тілде жарық көрген.

    «Рухани жаңғыру- ұлттың жаңғыруы» атты төртінші бөлім мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы, үш тілде жарық көрген «Ұлы дала елі» кітабы және еліміздің мемлекеттік құрылымы, тарихы, табиғаты, экономикасы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті, туризмі, көрікті тарихи, табиғи жерлері және ұлттық тағамдары мен ойындары, т.б. туралы кітаптар қойылды. Көрме жанынан ұйымдастырылған «ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ – МӘҢГІЛІК ЕЛ!» атты мобильді электрондыкітапханадан цифрланған кітаптарды смартфондарға тегін жүктеуге болады.


 

 

 

 

 

 

 

 


 

29 тамыз 2017 ж. 20:03
0 қарау
Пікір қосу
Аты-жөні: *
E-mail: *
Пікір:
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Кодты енгізіңіз:
x