«Кітапханаға кітап сыйла»Еліміздің болашағын баянды қылып сақтаудың кілті рухани жаңғыруда. Бұл идеяны елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші саналатын зиялы қауым да, жастар да қызу қуаттайды. Ел президентінің бұл бағдарламалық мақаласын насихаттауға ерекше мән беріліп отыр. Осы орайда басты мақсат адамзат жасаған ең ұлы кереметтердің бірі - Кітаптың құдіретін таныту. Кітап оқу мен кітапханаларды қолдау – қоғам дамуының басты міндеттерінің бірі екенін ескере отырып, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясын жыл сайын ұйымдастыруды қолға алған. Мұндағы мақсат – халықтың рухани байлығын дамытып, кітапхананың кітап қорын әдебиеттермен толықтыру,оқырман мен кітапхана арасын нығайту. Кітапхана қорын түрлі құжаттармен толықтыру, жастарды оқуға тарту мақсатында ұйымдастырылған акцияға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Қ.Құдайбергенов, ардагер – ұстаз Алтынбекова Жеңіс, ақын Торғаева Ділдахан, ақын, журналист Рахмет Несібелі, «Сыр бойы» газетінің бас редакторының орынбасары Әбдуов Қаныбек, «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Алдашбаев Сәкен, «Кому что?» газетінің бас редакторы Н.Денисова және кітапхананың тұрақты оқырмандары, Б.А.Қ. өкілдері қатысты. Жеке тұлғалар арнайы хабарласып кітаптарын ұсынды. Атап айтсақ: Т.Бекарыстанов, Т.Қабылша, Н.Мыңжасов өздерінің туындыларын және жеке кітапханаларынан көптеген құнды кітаптарын сыйға тартты. Акция аясында 280 дана кітап сыйға берілді. Акция аясында Сыр өңіріндегі тарихи орындарды, киелі жерлерді, қасиетті ескерткіштерді, құнды жәдігерлерді болашақ ұрпаққа ата-бабасынан қалған мұраны қастерлеу мақсатында «Жәдігерлер жалғасы – ұрпаққа мұра», «Санаңа ой қосатын кітаптар» атты заманауи әдебиеттер және фото-құжаттық көрме ұйымдастырылды.
|