«Ел тірегі – Елбасы» атты кең көлемді кітап көрмесінің салтанатты ашылуы1 желтоқсан күні «Ел тірегі – Елбасы» атты кең көлемді кітап көрмесінің салтанатты ашылуы болды. Шараның мақсаты - Елбасы Н.Назарбаевтың өмірі мен жүргізіп отырған саясатын, іскерлік қабілетін кеңінен насихаттау. Елімізге еңсе тіктетіп, мемлекетімізді мығымдап берген, халқымызды әлемге танытып, алаш баласының абыройын асқақтатқан Елбасының ел үшін жасаған істерін жастарға үлгі-өнеге ету. Бұл көрменің біздің еліміздің болашағын қалайтын, жерімізді аялайтын, қорғайтын жас қазақстандықтарға берер тәрбиелік мәні зор. Шараға зиялы қауым өкілдері, Республикаға танымал спортшылар, ҚР Ұлттық Ұландар «Оңтүстік» 5547 бөлімшесінің сарбаздары, Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлері және жастар мен БАҚ өкілдері қатысты. Тақырыпқа сай безендірілген көрме «Ұшқан ұя ұлағаты», «Теміртау – алтын бесік», «Тәуелсіздік табалдырығында», «Конституция – елдігіміздің еңсесі», «Нұрлы жол», «Астана – елдік ерлігі», «Астана –Тәуелсіздік жемісі» атты бөлімдерден құралған. Көрме Н.Ә.Назарбаевтың балалық шағы, мектептегі жылдары, Днепродзержинскіде оқыған кезі, Теміртауда еңбек жолының басталуы, Қазақстан Магниткасындағы партия ұйымын басқарған, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы, Үкімет басшысы болған кезеңдерді қамтиды. Көрменің негізгі арқауы – Елбасының елмен етене өмірі, еліміздің егемендікке жету жолы, Қазақстанды аз жылдың аясында алыс та, жақын да мойындайтын, санасатын, құрметтейтін елге айналдыру, экономикасы қуатты, саясаты тұрақты ел жасау, аз жылдың аясында Астанадай ғажайып қаланың салынуы, Астананы көшіру Қазақстанды жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтырудағы зор рөлі, Қазақстанның жаңа тарихының ең бір қиын да жарқын сәттерін баяндайтын еңбектері. Көрмеге 750-ге жуық әдебиет пен мерзімді басылымдар бетінде жарияланған мақалалар мен суреттер қойылды. Теледидардан Елбасының ерен еңбегін айшықтайтын бейнеролик көрсетілді. Мерекелік шарада ҚР Ұлттық Ұландар «Оңтүстік» 5547 бөлімшесі әскери бөлімінің рота командирінің орынбасары Захиддин Фуркатович Бабанов, әлем чемпионатының 2-ші орын иегері, ҚР халықаралық деңгейдегі спорт шебері Әйгерім Серікқызы Жалғасова сөз сөйлеп өз ойларымен бөлісті. Сонымен қатар Нұрсұлтан есімді үздік оқушылар мен оқуда, спортпен өнерде жетістікке жеткен белсенді жастар қатысып есімдерін мақтан тұтатындықтарын әрі оның үлкен жауапкершілік артатындығын айтты. Шара барысында облыстық филармония әншілері өз өнерлерін көрсетті. |