Зұлмат жылдар қасіреті Кітап көрмесі2018 жылдың 29 мамыр күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күніне орай «Зұлмат жылдар қасіреті» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Бұл дата Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Қазақстанда 1997 жылдан бері жыл сайын 31 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып келеді. Көрмеге ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, жаппай жазалаудың сол бір қиын қыстау кезеңдегі тағдырлары тәлкекке түскен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында», М.Қозыбаевтың зерттеулері, В.Михайловтың «Ғаламат жұт шежіресі», «Қазақстан тарихы», «Қазақ көтерілістері», «Қызылдар қырғыны», «Зобалаң», «Аза», «Боздақтар», «Алаш көсемсөзі», «Зауал», «Жазықсыз жағылған жала», «Қазақ қасіреті», «Қасіретті тағдыр беттері» атты әдебиеттер және Алаш партиясының қатарында болған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, X.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ж.Арыстанұлы т.б. ұлт зиялыларының шығармалары қойылды. Шараға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры М.Аңсатова қатысып, ХХ ғасырдың 1930 жылдардағы аштық пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің қасіреті туралы тарихи мәліметтер берді. Көрмемен танысуға студенттер, кітапхана оқырмандары қатысып, библиографиялық шолу жасалынды. |