Қ.Мұхамеджановтың 90 жылдығына арналған «Хан тәңірі шыңына сапар» атты еске алу кеші ұйымдастырылды.5 желтоқсан күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында белгілі драматург - жазушы, аудармашы, сыншы, қоғам қайраткері Қ.Мұхамеджановтың 90 жылдығына арналған «Хан тәңірі шыңына сапар» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Қалтай Мұхамеджанов шын мәнінде халықтық ұғым мен таным биігіне көтерілген суреткер. Ол өзінің ұлт пен ұрпақтар қажетіне қызмет етер өміршең туындыларында адам ойы мен санасының қиял жете бермес қатпарларын, мәңгілік сипаттарын қалай шебер өрнектесе, оқырман-көрермені де өз көкірегінде жазушы тұлғасын дәл солай сомдағаны аян. Соның арқасында драматург есімі әлемнің түкпір-түкпірін еркін шарлап, пьесалары көптеген тілге аударылып, ондаған әлем театрларында қойылды. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналды... Іс-шараның мақсаты жазушының өмірі мен астарлы ойларының өресінен құйылған пьесалары мен асқақ рух тегеурінімен суарылған проблемалық мақалаларын оқырманға таныстыру, заманымыздың заңғар жазушысы, кеше ғана өз ортасын күлкіге кенелтіп жүрген Қалтай ағаны еске алу болып табылады. Мәдени шараға Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеттің оқытушыcы Қазыбай Құдайбергенов, ардагер журналист Қайырбай Мырзахметов, Қызылорда аграрлық жоғары колледжінің студенттері мен оқытушысы Гүлжахан Мінажадинова, көпсалалы «Ұлағат» колледжінің студенттері мен оқытушысы Балнұр Лесханқызы, Абылайхан атындағы колледждің студенттері, №1 Қ.Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназиясының ұстаздары және жазушының туыстары қатысты. |