Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Сыр-Алаштың Анасы» деп тарихи бағасын берген Сырдың бойы-түрлі мәдениеттердің тоғысқан жері. Дүниенің төрт тарабын жалғастырған Ұлы жібек жолының күре тамыр даңғылы делінетін бұл көне топырақта сонау ерте дәуірдің өзінде әдебиет пен өнердің небір үлгілері жасалған. Сондықтан-да болар, Сыр Ананың тұмса табиғатына қоса рухани діңгегі де ерекше.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап - ғылыми кітапханасы 2019 жылдың 1 наурыз күні «Сыр өңірі халықтарының тарихы, мәдениеті мен өнеріндегі алатын орны» атты халықаралық ғылыми-конференцияның аясында осы өңірдің өткені, тарихы жайлы « Сыр өңірі - түркі мәдениетінің алтын қазығы» атты кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрмеге ежелгі Сыр өңірінің киелі орындары, осы өлкеден шыққан топ бастаған от ауызды, орақ тілді айтулы би - шешендері, қол бастаған батырлары мен ақын - жыраулары, әулие – әнбиелері, тарихи ескерткіштері мен кесенелері, түркі әлеміндегі ірі тұлға болып табылатын Қорқыт Ата жайлы кітаптармен қатар руханиятты жасаушы тұлғаларымыздың дауыстары жазылған «Қайталанбас дауыстар» атты сыр саңлақтарының антологиясы, сондай-ақ кітапхана қорындағы сирек қолжазбалар қойылды.
«Тарихы терең ұлы дала», «Сыр бойының тарихи - мәдени мұралары», «Ұлылар мекені – Сыр елі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Сирек кітаптар» атты бес бөлімнен тұратын көрмеге тарихи мәні бар мәдени мұраларымыз бен ұлттық құндылықтарымызды көрсететін жалпы саны 200 –ге жуық кітаптар мен мақалалар, фотосуреттер, электронды кітаптар, 11 қолжазба мен сирек кітаптар қойылды.