15 наурыз күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында «Қазақша стильдегі дефиле» атты ұлттық киімдер көрсетілімі ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – наурыз мерекесін ұлықтау, ұлттық киімдеріміздің танымалдылығын арттыру.
Әдемілікті жаны сүйетін жандар үшін қаламыздағы «Камшат тігін ательесі» мен «Аруна» той салоны өз өнімдерін ұсынды. Табиғи, экологиялық таза бұйымдардан дайындалған киім топтамалары көпшілік тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Ұсынылған этно-стильдегі киімдер киіз, жібек, зығыр матасы және басқа да табиғи тауарлардан тігілген. Ұлттық нақыштағы киімдерге салынған ою-өрнектер арқылы қазақ халқының болмысы, қалыптасқан стиль ерекшелігі байқалып тұрды. Ұсынылған киімдер топтамаларында қыздарға, бозбала жігіттерге, сонымен қатар кішкентай бүлдіршіндерге арналған үлгілер болды. Ұлттық киімдерден бөлек аталған сән үйлері шара қонақтарына табиғи тауарлардан дайындалған бұйымдар ұсынды.
Шара аясында көктем мерекесіне арналған әндер шырқалды.