Жазушы, драматург, аудармашы, қоғам қайраткері Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» пьесасына талдау жасалынды.Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 10 сәуір күні заманымыздың заңғар жазушысы, драматург, аудармашы, қоғам қайраткері Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» пьесасына талдау жасалынды. Қ.Мұхамеджановтың қалам қарымын өзгеше қырынан көрсеткен тағы бір талантты туындысы – «Жат елде». Драма 1964 жылы Жазушылар одағындағы қырғын талқылаудан кейін Ғабит Мүсіреповтың зор беделі арқасында үлкен сахнаға жолдама алып, 1966 жылы Әуезов театрында қойылды. Шығарма қай тұрғыдан қарасақ та, қазақ драматургиясының кемелденген кеңістігін айқын көрсететін айтулы асу, айтулы белес болып табылады. Мысалдап, мысқылдап, әсірелеп, астарлап жазудың асқан шебері саналатын Қ.Мұхамеджанов бұл шығармасында сол кездегі жазуды қойып, айтуға тыйым салынған біраз ақиқатты жеткізе білген. Бастысы, пьесада Мұстафа Шоқайдың аты аталады. Шығарманың тағы бір ерекшелігі, онда Қазақ елінің егемендігі туралы идеяның көрініс бергендігі. Бір қарағанда, «Жат елденің» кейіпкерлері туған Отанынан жырақтап қалған бейшара жандар болуы мүмкін, бірақ олардың көпшілігінің арманы – Қазақстанның тәуелсіз ел болуын көру. Іс-шараның мақсаты – жастарға қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын насихаттау, таныстыру. Отан мен туған жердің адамдар өмірінде қандай зор роль атқаратынын нақты әрі шынайы көркемдікпен, ешқандай дидактикасыз айқын көрсету, патриоттық сезімге тәрбиелеу. Мәдени шараға Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеттің оқытушыcы Қ.Құдайбергенов, Қызылорда аграрлық жоғары колледжінің студенттері мен оқытушысы Г.Мінажадинова қатысты. |