Экологиялық білім мен тәрбие беруді күшейту - қоғам алдындағы қазіргі өмір талабынан туындап отырған өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан қоршаған ортаны, табиғат байлығын қалыпты жағдайда ұстау- әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Оқырмандарымызды қоршаған ортаны көздің қарашығындай қорғай білуге шақыра отырып, экологиялық тұрғыдан білімдерін жетілдіру мақсатында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Экология – табиғат жүрегі» тақырыбында виртуалды кітап көрмесін ұйымдастырды.
Кітап көрмесіне Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жоғары оқу орындарына арналған «Экология және тұрақты даму» атты дәрістер жинағы, А.Баешовтың «Экология және тұрақты даму», Н.Түменбаеваның «Қоршаған ортаны бақылау», С.Баяндинованың «Техногенді экология», Т.Базарбаеваның «Геоэкология» сияқты әдебиеттер қойылды. Бұлар әрбір азаматтың экологиялық мәдениетін көтеруге көмек болатын маңызды туындылар.
Өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан кейінгі экологиялық қасірет Қызылорда облысының флорасы мен фаунасының жай-күйіне ерекше кері әсер еткені белгілі. Осы апатты ахуалға тұңғыш рет талдау жасалған Оразбай және Самалбек Қосановтардың «Қызылорда облысы жан-жануарларының экологиялық ахуалы» атты еңбегінің орны ерекше. Сонымен бірге, көпжылдық зерттеулер нәтижесінде Арал теңізі мен оның төңірегінің экологиялық ахуалы туралы жарық көрген А.Нұрғызарыновтың «Аралдың экологиялық тынысы» еңбегі, қасиетті теңізді қастерлеген халықтың тыныс-тіршілігі туралы естелік ретінде жазылған Қ.Саржановтың «Аралдың айтылмаған ақиқаты» атты әдебиеттер де орналастырылған.