«Балалар әлемі» атты кітап көрмесі1 маусым күні облыстық кітапханада «Балалар әлемі» тақырыбында жаңа әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінің мақсаты қазақ ауыз әдебиетінің асыл үлгілері арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу, кітап оқуды насихаттау, қолдау, әдебиет мұрасын дамыту, оқырман мәдениетін қалыптастыру. Көрмеге ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байбота Қошым-Ноғай құрастырған «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» атты он томдығы қойылды. Антологияда Ахмет Байтұрсынұлы мен Ыбырай Алтынсариннің еңбектерімен қатар Еділбек Дүйсенов, Әдина Жүсіп секілді авторлардың еңбектері де енген. Көптомдықта балалар әдебиеті бағытында қалам тербеген азаматтардың өлеңдері мен әңгімелері, жұмбақтары мен жаңылтпаштары, мысалдары мен хикаяттары тізілген. Сондай-ақ антологияда автор туралы қысқаша мәлімет пен автордың фотосуреттері де бар. Антология «Қуыр-қуыр, Қуырмаш», «Ағайынбыз бәріміз», «Бейбіт күн», «Ғажайып құмыра», «Балапан», «Алтын киік», «Ортаншы ұл», «Алатау ертегісі», «Қарлығаштың ұясы», «Мынау ғазиз дүние» атты он кітаптан тұрады. |