13 қазан күні облыстық кітапханада қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақтың қаһарман қызы» тақырыбында тарихи-танымдық кеш ұйымдастырылды.
Шараға М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы Ф.Алтаева, С.Лапин атындағы №261 мектептің мұғалімдері А.Маханова, З.Қасымбекова қатысты.
Кеш барысында сұрапыл майданда ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен қазақтың қайтпас қайсар қызы, әйгілі пулеметші Мәншүк Мәметова туралы бұрын-соңды ел аузында айтылмай жүрген тарихшылардың тың ақпараттары таныстырылды. Әкесі Ахмет Маметовты 1938 жылы-ақ НКВД жендеттерінің атып тастағанынан бейхабар Мәншүктің үш рет майданнан Сталинге хат жазуы сынды, ел ішіндегі қисынды әңгімелер деректер жүзінде баяндалды. Мәншүктің ғұмырнамалық мәселесін ғылыми тұрғыдан зерделеп жүрген академик М.Қозыбаев, Т.Көлбаев, М.Құрманова, Б.Боранбаева, М.Хасанаевтардың еңбектері оқырман қауым арасында кеңінен талқыланды.
Кештің мақсаты шығыс қыздарының арасынан бірінші болып Батыр атағын алған қазақтың батыр қызының өшпес ерлігін жастарға өнеге ету, елі үшін ерлік көрсеткен батырларды құрметтеуге, елжанды болуға тәрбиелеу.