20 қазан күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада 25 қазан - Республика күніне орай «Қыран елім-Қазақстаным» тақырыбында кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеге ел Тәуелсіздігінің дамуы мен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуын, еліміздің жетістіктері мен толайым табыстарын баяндайтын 200-ден аса кітаптар қойылды.
Көрменің мақсаты- отыз екі жыл уақыт ішінде ордалы елге айналған тәуелсіз Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасау. Қазақстан мемлекетінің Түркі қағанаттары, Алтын Орда мен Ақ орданың және Қазақ хандығының құрылуынан бастап Халықаралық қауымдастықтың төріне шыққаны мен бүгінгі жетістіктерін көпшілік қауымға ұсыну.
Көрме бірнеше бөлімдерден тұрады: «Бабалар арманы-Мәңгілік ел» бөлімі ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың тәуелсіздік жолында күрескен тарихи кезеңдерге арналған. «Рух.Уақыт.Тұлғалар» бөлімінде ұлтымызды ұлықтаған ұлы тұлғалар, 1986 жылғы 16 желтоқсан оқиғасы туралы деректер, сондай-ақ елдің егемендік тарихының айтулы мезеттерін баяндайтын, өткеніміздің өрнекті де көрнекті тұстарын бейнелейтін кітаптар қойылды.
«Тарихы сырлы, ертеңі нұрлы ғажап ел» бөлімінде қазақ халқының тұрмысы, салт-дәстүрі, табиғаты мен көрікті жерлері туралы кітаптар қойылды. «Мәдениет пен өнер - елдің рухани мәйегі» бөлімінде қазақ халқының төл мәдениеті, ұлттық өнеріміз мен әдебиеті жайлы кітаптар қойылды.