9 қазан күні облыстық кітапханада қазақ әдебиетінің негізін салушы, жазушы С.Сейфулиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Халқының біртуар перзенті» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Мақсаты - еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен, Алаштың ардақтысы С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармаларын, еңбектерін насихаттау, есімін ұлықтау, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Шараға Қорқыт Ата атындағы ҚУ доценті, ф.ғ.к. С.Бахтиярова, С.Сейфуллин атындағы №4 IT мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Ғ.Нұрмағамбетова, Г.Бегайдарова және ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің әскери қызметшілері, «ORDA» жоғары колледжінің студенттері қатысты.
Кеш қонақтары ақынның артына қалдырып кеткен өшпес асыл мұрасы, ұлтына сіңірген еңбектері туралы баяндап, тарихи тұрғыдан баяндалған мемуарлық шығармасы «Тар жол тайғақ кешу» романына жан-жақты талдау жасады. Облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Б.Қарғабаев ақынның «Тау ішінде» әнін орындап, оқырмандар өлеңдерін оқыды. Шараға қатысушылар назарына «Алаштың ардақтысы» атты кітап көрмесі ұсынылды.