KITAPKHANA.KZ
kz ru

«Елдіктің туын желбіреткен қаһарман» атты жыр мүшәйрасы

14 қараша күні Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлының 250 жылдығына орай республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Әлімсақ» журналы мен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен Жанқожаның жеңімпаздық жолын жыр жолымен өрнектеу, елі мен жерін қорғауда ерен ерлік үлгісін көрсеткен батыр баба есімін насихаттау, жас ұрпақты отансүйгіштікке елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында «Елдіктің туын желбіреткен қаһарман» атты жыр мүшәйрасы өтті. Жыр додасы алдында жанқожатанушы ғалым, ф.ғ.к., Н.Нұрмахановтың «Тарихи өлең-жырлар мен дастандардағы Жанқожа батыр тұлғасы» атты монографиясының таныстырылымы болды.
Елдік дәстүрді, отаншылдық қасиетті, тарихи тұлғаларды насихаттауды, Жанқожаның болмысын, батырлығын жастарға үлгі етуді, есімін ұлықтауды мақсат тұтқан облыстық жыр мүшәйрасына бірінші кезеңнен іріктеліп келген 9 ақын батыр рухына арналған өлеңдерін оқыды. Жыр додасына ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысы бойынша өкілі Қ. Есімсейітова, ақын, бірнеше тарихи дастандар мен толғаулардың авторы О. Базаралы және ф. ғ. к, жанқожатанушы ғалым Н. Нұрмаханов қазылық етті. Тақырыптың терең ашылуын, өлеңнің ұйқасы және көркемдігіне және көрерменге жеткізе білуін назарға ұстаған қазылар алқасы жеңімпазарды анықтады. Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды А.Сайлауов, екінші орынды Б.Санақұл,үшінші орынды Н.Өтепберген иеленді. Жүлделі орындармен қатар Жанқожа батырдың үзеңкілес серіктері Мұсабай жырау, Төремұрат жырау, Бекмырза хан, Қызылбас палуан, Ақтан батыр, Дабыл батыр атындағы арнайы жүлделер батыр ұрпақтары атынан тағайындалып табысталды.
Жыр мүшәйрасын елімізге белгілі жыршылар М. Сүгірбаев пен Б. Орынбасаров отты жырмен, әуезді әнмен әрледі. Оқырмандар назарына «Халқына қорған болған батыр баба» атты кітап көрмесі ұсынылды.Ел бостандығы үшiн күрескен қаһарман Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есiмi, батырдың ерлiгi мен өрлігі халқымыз үшін үлгі-өнеге. Тарихи тұлғаның есімін халық жадында қайта жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына тағылымын сіңіру біздің парызымыз.
14 қараша 2024 ж. 12:42
0 қарау
Пікір қосу
Аты-жөні: *
E-mail: *
Пікір:
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Кодты енгізіңіз:
x