26 ақпан күні облыстық кітапханада жазушы, публицист, қоғам қайраткері Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» кітабы бойынша оқырмандар конференциясы ұйымдастырылды. Мақсаты – оқырмандарға қазақ әдебиетіндегі деректі роман жанрының негізін қалаушы қаламгердің шығармашылығын насихаттау, тұтас бір тарихи кезеңнің әлеуметтік-саяси, мәдени-рухани болмысы ашылып көрсетілген Қаныш сынды ұлы тұлғаның ғұмыр шежіресі баяндалған туындыны таныстыру.
Шараға Қорқыт Ата атындағы ҚУ студенттері, Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары және кітапхана қызметкерлері қатысты.
Кеш қонақтары М.Сәрсекенің үлкен ізденісі пен қажыр-қайратымен дүниеге келген, қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан, қасиет-болмысы парасаттылық пен кемелдіктің үлгісіндей болған, Қазақстанның ғылымы мен экономикасының тұғырын бекемдеп берген тұлға Қ.Сәтбаев туралы «Қазақтың Қанышы» атты еңбегіне жан-жақты талдау жасады.
Оқырмандар назарына «Қазақты әлемге танытқан қаламгер»атты кітап көрмесі ұсынылды.

